ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысындағы спорт нысандарына Жақсылық Үшкемпіровтің есімін беру туралы Қаулыларға қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-жек» жекпе-жек сарайының атауы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы болып өзгертілсін. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi», - делінген құжат мәтінінде.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің тағы бір Қаулысымен Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Тараз-Арена» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi, «Барыс», «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері Үшкемпiров Жақсылық Әмiрәлiұлы 1951 жылы 6 мамырда Қазақ КСР, Жамбыл облысы, Свердловск ауданы, Чапаев кеңшарында дүниеге келген. Биылғы 2 тамызда мезгілсіз өмірден өтті.