17 сәу, 2020 сағат 18:33

Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы ауызашарға барудан, мешіттерде намаз оқудан тыйыла тұруға шақырды

Алғаш рет тарауық намазы Қазақстан мешіттерінде жамағатсыз оқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Өкінішке орай, коронавирусқа байланысты карантин себебінен алғаш рет тарауық намазы мешіттерде жамағатсыз оқылады. Әрбіріміз сақтық шарасына мән беруіміз керек. Барлық мұсылмандарды карантин талаптарын орындауға шақырамын. Қоғамдық орындарда тарауық намазын оқудан, ауызашарлардан біршама уақытқа болса да тыйылу керек», – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов.

Рамазан – исламның бес парызының бірі – ораза айы. Бұл айда мұсылмандар бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәреден күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады.

Биыл қасиетті Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Қадір түні мамырдың 20-нан 21-не қараған түнге сәйкес келеді.