«Nur Otan» партиясы сайлаудан кейінгі бір ай уақыт ішінде өзінің 216 сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша әр жылға нақты көрсеткіштері бар Жол карталарын әзірледі. Биылдың өзінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары үшін не істелетіні туралы партия Орталық аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында әрбір өңірде, қала мен ауданда жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін нақты нысаналы индикаторлар мен мерзімдер белгіленіп, сондай-ақ оған жауапты орындаушылар айқындалды.
Мәселен, елордада 2025 жылға дейін 14 көрсеткіш пен 93 іс-шараны орындау жоспарланған. 2021 жылы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы 25%-ға, 2022 жылы – 45%-ға, 2023 жылы – 65%-ға, 2024 жылы – 72%-ға және 2025 жылы 100%-ға іске асырылады.
Биылдың өзінде 131 км қала жолдарының 34 километрі, 130 км сумен жабдықтау желісінің 17,7 километрі, 85 км су бұру желісінің 11,5 километрі, сондай-ақ, 438 км газбен жабдықтау желісінің 144 километрі салынып, реконструкцияланады.
5 жыл ішінде 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй, 41 медициналық нысан, 50 мектеп салынып, 138 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 16 тұрғын үй алабында 500 ауланы абаттандыру, 50 жаңа саябақ пен гүлзар салынбақ.
Алматыда 715 көрсеткіш және 59 іс-шара жоспарланған. 2021 жылы сайлауалды бағдарлама 26,2%-ға, 2022 жылы – 48,4%-ға, 2023 жылы – 66,6%-ға, 2024 жылы –83,9%-ға және 2025 жылы толығымен іске асырылады.
Жыл соңына дейін 19 медициналық нысанның 13-і, 15 мектептің 8-і, 339 балабақшаның 69-ы, сондай-ақ, 104 спорт нысаны салынады. Жалпы, 243 мыңға жуық жұмыс орнын құру, 114 ірі инвестициялық жобаны іске қосу, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 1,2 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған.
Шымкентте бекітілген Жол картасы аясында 423 көрсеткіш пен 529 іс-шара белгіленген. 2021 жылы партия бағдарламасы 24,5%-ға, 2022 жылы – 45,6%-ға, 2023 жылы – 64,9%-ға, 2024 жылы – 82,7%-ға және 2025 жылы 100%-ға іске асырылады.
2021 жылы 72 мектептің 12-сі, 24 медициналық нысанның 2-еуі салынады. 878 км жолдың 253 километрі, 1419 км сумен жабдықтау желісінің 761 километрі салынып, жөнделеді.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылады. 5 жыл ішінде 47 мың пәтер салу жоспарланған. 2025 жылға дейін 80 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Барлық сайлауалды уәделермен nurotan.kz және nurotan2021.kz.сайттарынан танысуға болады.