09 қаз, 2020 сағат 10:50

«Nur Otan» праймеризіне ауыл тұрғындары тарапына қызығушылық жоғары болды - Еділ Оспан

«Nur Otan» партиясының праймеризіне ауыл тұрғындары тарапына қызығушылық жоғары болды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Еділ Оспан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«17 тамыз бен 7 қазан аралығында еліміздің тарихында алғаш рет жалпыұлттық мақсатты қамтыған «Nur Otan» партиясының праймеризі өтті. «Nur Ota» праймеризі өткен жылы Елбасы - партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам. Саяси ұйымды қайта жандандыру« бағдарламасының маңызды фактісі болды. Елбасы - партия Төрағасы «Nur Otan» қатарынан қоғамдық жоғары қолдауға ие жаңа көшбасшыларды іріктеп алу тапсырмасын жүктеді. Партияның орталық аппараты және өңірлік құрылымдары үлкен жұмыс көлемін сәтті жүзеге асырып, партия басшылығы жүктеген міндеттерді орындады. 1-4 қазанда дауыс беруге партияластардың жалпы санының 84 пайызы қатысты», - деді «Nur Otan» партиясы праймеризінің қорытындысына арналған дөңгелек үстел барысында.

Осы ретте ол праймериз қорытындысына жасалған сараптамаға орай партияішілік іріктеу нәтижелеріне тоқталды. 

«Біздің әлеуметтік зерттеулерімізге сәйкес, халықтың үштен бірі сыбайлас жемқорлықпен күресетін, халықпен диалог жүргізетін, үнемі есеп беріп отыратын, қарапайым адамдардың бастамаларын жүзеге асыратын партияны қолдауға дайын. Партия праймеризі қоғам тарапынан зор қызығушылық тудырды. Праймериз басталардан 1 апта бұрын алынған сауалнамаға қатысқандардың 45,6 пайызы партияішілік сайлау туралы естігенін, 47,5 пайыз қолдау білдіргендерін және 42 пайызы қатысуға ниетті екендігін айтты. Праймеризге ең үлкен қызығушылық пен қатысуға деген ниет ауылдық елді мекендердің және Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындары арасында байқалды», - деді Еділ Оспан. 

Оның айтуынша, праймериз қатысушылары 120 мыңнан астам іс-шара, 60 мыңнан астам кездесулер мен пікірталас өткізді.

Прайзеризге қатысуға 11 249 адам өтінім беріп, 10 073 кандидат тіркелді. Олардың 20 пайыздан астамы жаңа адамдар. Еліміз бойынша орта есеппен бір орынға 4 кандидат таласты. Бұл ретте бір орынға Нұр-Сұлтан қаласында 15, Алматы мен Шымкент қалаларында 7 кандидаттан болды. Кандидаттардың 36,7 пайызы әйелдерді, 29 пайызы 35 жасқа дейінгі жастарды құрады.