«Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс XIX Съезін шақыру туралы Қаулыға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Съез Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың 23 сәуірінде өтеді.
Айта кетсек, 2019 жылдың 9 сәуірінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы болатынын жариялады. Көптеген саясаттанушының пікірінше, билік етуші партия өз кандидаты ретінде қазіргі президент Тоқаевты ұсынуы мүмкін.
Nur Otan – 1999 жылы ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған "Отан" партиясы. Партияның көшбасшысы ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып табылады.
"Отан" республикалық саяси партиясының алғашқы съезі 1999 жылы 1 наурызда өткен болатын. Ол кезде ішінде кәсіпкерлер, бюджет саласының және мемлекеттік қызметтің қызметкерлері бар партияның 400 делегаты "Отан" партиясының төрағасы етіп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бірауыздан сайлаған.