16 ақп, 2021 сағат 07:33

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб құрылады

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб құруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы 12 ақпанда Мәжілісте «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында партияның «Өзгерістер жолы: Әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының жобасы қаралды. Әлихан Асханұлы, Сізге екі күн мерзімде партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб құрып, оның отырыстарын апта сайын өткізіп тұруды тапсырмамын. Жол картасының іске асырылу барысын өзім бақылап, штаб отырыстарын ай сайын жүргізетін боламын», - деді Асқар Мамин бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа қарата.

Үкімет басшысы аптаның соңына дейін орталық және жергілікті мемлекеттік органдар кемінде бірінші басшылардың орынбасарлары жетекшілік ететін жобалау топтарын құру қажеттігін тапсырды.

«Ұлттық экономика министрлігі штабтың жұмыс органы ретінде биылғы 1 наурызға дейін Жол картасы көрсеткіштерінің цифрлық картасын әзірлесін. Жол картасының әр іс-шарасына бірінші басшылардың орынбасарларынан кем емес деңгейде жауапты тұлғалар бекітілуі тиіс. Парламентпен нақты және үйлестірілген жұмыс жүргізу керек. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын толыққанды және тиімді іске асыру бойынша барлық шараларды қабылдауымыз керек. Бұл әр мемлекеттік орган жұмысының басты критерийі болады», - деді Премьер-Министр.