26 ақп, 2019 сағат 09:03

Жаңа бастамалар айқындалмақ

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Партия қоғамның қалың топтарын біріктіре отырып, қазақстандықтарды жалпыұлттық міндеттерді шешуге жұмылдыра алды. «Нұр Отан» қоғамның барлық сұраныстарына шұғыл үн қататын топтастырушы, жауапкершілікті және халықтық саяси ұйымға айналды...», - деп атап көрсеткен болатын.

27 ақпанын күні Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII Съезі өтеді. 

«Нұр Отан» партиясының Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев: «Кезекті съезд партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Съезде партияның 2030 жылға дейінгі жаңа Бағдарламасын талқылау, партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, партиялық органдардың есебін тыңдау және партия Саяси кеңесінің құрамын жаңарту жоспарлануда. Аталған съездің партиямыздың 20 жылдығы аясындағы басты іс-шара боларына және алдағы жылдардағы мақсат-міндеттерді анықтап, біздің саяси ұйымның одан әрі жаңғыруына тың серпін беретініне сеніміміз мол» деген-ді.

Аталмыш жиын қарсаңында съездің мәні мен маңызы жөнінде бірнеше пікірді топтастырған едік. Мархабат!

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсебаев:

- «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі әлемдік өркениеттің даңғыл жолына түскен егемен еліміз үшін маңызды кезеңде өткелі отыр.Бүгінде үлкен саяси күшке айналған жетекші партия құрылғаннан бастап барша қазақстандық азаматтардың бастамалары мен күш-жігерін, еліміздің жауапкершілігі жоғары саяси күштерін бір арнаға бағыттай отырып, қоғамдағы көшбасшылық рөлін нық ұстап келеді. Елбасының өміршең идеяларының алтын арқауы – Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу, «Мәңгілік ел» болу жолында рухани даму сияқты маңызы зор жасампаздық бағыттарын жүзеге асыру.

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев съезд барысында алда жүргізілетін сая­си реформалардың негізгі бағыттарын таныстырады. Яғни, даму жолындағы дара бастамалар саяси элитаның ортақ талқысына салынып, көп­шіліктің пайымды пікірлері де ескеріледі деп күтілуде. Еліміздің стратегиялық даму бағытының басымдықтары ай­қын­­далып, ел экономи­ка­сының одан әрі өркендеуі мен халықтың әлеуметтік-тұр­мыстық жағ­да­йын жақсарту мә­селелері де күн тәртібінен табылмақ. Әрине, бүкіл отандастарымызбен қатар біздің Сыр өңірінің ардагерлері де осы беделді партия форумының келешекке бағытталған шешім­дерінен үлкен үміт күтіп, зор сенім артады.

БҚО, «Нұр Отан» партиясының Шыңғырлау аудандық филиалының кеңесшісі Алина Амантайқызы:

- Н.Ə.Назарбаев жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы еліміздегі қоғамды ұйымдастыратын көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де өзіндік жолы, бағыт-бағдары айқын саяси күш. Қазақстан бүгінгі күні іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы күннен-күнге, жаңашылдыққа ұмтылып инновациялық-индустриалды бағытта дамыған қуатты мемлекетке айналуда. Міне, осынау тəуелсіздік алған жылдар аясындағы ел ырысын арттырып, береке-бірлігін нығайту жолындағы «Нұр Отан» партиясының үлесі зор, ізі айшықты. 

Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде алдағы «Нұр Отан» партиясының съезінде ел үшін маңызы зор шешімдер қабылданып, жаңа міндеттер қойылатынын айтты. Осы бағытта әлеуметтік қолдауды күшейтуге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған бірқатар шаралар ұсынатынын жеткізді.

27 ақпан күні Елордамызда өтетін маңызды мәжілісте келесі онжылдыққа 10 мақсатты жаңа бағдарламаның жобасы дайындалады. Бұл құжат бұған дейін берілген тапсырмалардың жүйелі түрде жүзеге асуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Ендеше,алдағы саяси маңызды іс-шарадан күтеріміз көп.