«Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы қызметіне Омархан Өксікбаев тағайындалды. Бұл жайында аталған Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Twitter-дегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Nur Otan» партиясының Лидері Н.Ә. Назарбаевтың Қаулысымен Омархан Өксікбаев - партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Павел Казанцев Партиялық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды», - жеп жазды ол.
Сонымен қатар, Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы фракциясы депутаттарының кәсіби біліктіліктері, табандылықтары, мемлекеттік және партия жұмысындағы мол тәжірибелері аталған партиялық органдарды күшейтуге ықпал ететіндігіне сенім білдірді.
Өксікбаев Омархан Нұртайұлы 1954 жылы 22 желтоқсанда Алматы облысы Балқаш ауданы Көктал ауылында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, Францияда (Парижде) «Нарықтық экономикадағы аудиторлық қызмет» мамандығы бойынша білім алды. Экономика ғылымдарының докторы. ҚР Президенті Әкімшілігі Бас бақылау инспекциясының басшысы, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2016 жылғы 25 наурыз айынан бастап – алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының мүшесі. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен медальдармен марапатталған.
Павел Олегович Казанцев 1960 жылдың 22 наурызында Томск қаласында дүниге келген. Алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Ф.Э.Джерзинский атындағы КСРО МҚК Жоғары мектебін бітірген. Әр жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының даму бойынша менеджері, бағдарламаларды, іс-шараларды, сыртқы байланыстар мен коммуникацияны жоспарлау қызметінің жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары болған. «Құрмет», «Ерен еңбек үшін» медальдарымен марапатталған.