«Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы құрылды. Бұл туралы елордада арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Демократия, пікірлердің плюрализмі елімізде қалыптасуы керек және бұл процестерге ешқандай балама жоқ. Дегенмен, осы демократияға, саяси прюализмге деген ұмтылыс еліміздің мемлекеттік іргетасын девальвацияға алып келмеуі тиіс. Шынын айту керек, біздің ең негізгі принципіміз бірінші – мемлекетіміз, екінші – мемлекеттің атрибуты ретіндегі демократиялық процестер. Міне, осы тұрғыда әлеуметтік желіде және қоғам алдында сөз айтып жүрген еліміздегі әлеуметтік процестерге үлес қосуға қабілетті, сонымен бірге экономикалық мәселелерді шешуге өз рецептін бере алатын, еліміздегі қоғамдық процестерді прогреске жеткізетін азаматтар «Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасын құруды жөн көріп отыр», - деді ол.
Оның атап өтуінше, «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының ең негізгі ұстанымы центристік принцип болмақ.
«Біз – демократияны жақтаймыз. Еліміз халықтық мемлекет болуы керек деген принциптеміз. Бірақ осы процестердің барлығы эволюциялық жолмен, бейбіт жолмен, сонымен бірге конструктивті жолмен өтуі керек. Бұл – біздің ең негізгі мақсатымыз. Осы тұрғыда лига өз жұмысын үш бағытта жүргізеді. Бірінші – әлеуметтік әділеттілік, екінші – қоғамдық-саяси трансформация, үшінші – экономикалық өрлеу. Кезек күттірмейтін мәселе ретінде «Nur Otan» партиясы жариялаған партиялық праймеризді қатаң қоғамдық бақылау тетіктерін жасауды қолға аламыз», - деді Ерлан Саиров.