"Нұр Отан" партиясы қағазбастылықтан біржола құтылып, электронды құжат айналымға көшеді. Бұл туралы Қарағандыда өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының аймақтық форумында айтылды.
Қарағандыда өткен бастауыш партия ұйымдарының бірінші аймақтық форумында белсенділер "Сандық Партия" жобасын бірлесе пысықтады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында партия осы бастаманы сәтті жүзеге асырып жатыр. "Нұр отан" осы орайда мектеп пен кітапаханалар, емхана мен жоғарғы оқу орындарымен де тығыз жұмыс істейді.
Партияны жаңғырту аясында барлық қызметті цифрландыру арқылы қоғаммен тығыз қарым- қатынас орнату көзделген. Осылайша қалаларда ғана емес, ауыл, аудандарда ІТ - сыныптар мен кітапханалар ашылғаны белгілі. Бүгінде оларда тұрғындар мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, яғни көбінесе жастар жұмыс істейді. Қызмет тиімділігін арттыру үшін өңірлерде «Сандық партия» жобасы іске қосылмақ.
Форумға қатысушы партия мүшелері қазірдің өзінде жаңа жобаларды бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жеңілдететінін жеткізді.
- Бұрын біз барлық нәрсені құжаттап, хаттап жіберіп почта арқылы жұмыс жасасақ, қазір әлеуметтік желілер арқылы қағазбастылықтан бізді босатып, «Цифрлы Қазақстанға» үлесімізді қоса отырып бір жанданатын бағытты көрсетіп отыр, - деді «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының «Игілік» бастауыш партия ұйымының төрайымы Меруерт Әйтенова.
«Сандық партияны» бастауыш партия ұйымдары жетілдіретін болады. Бүгін аймақтық форумға келген Астана, Алматы қалалары мен Қостанай, Қарағанды облыстарының екі жүзден астам белсендісі осы жобаның жай-жапсарымен танысты.
- Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партиямыздың түрлену жөнінде жаңғыру мәселесін қойған болатын. Сондықтан біздің бүгінгі кездесуіміз партиямыздың жүйелі жаңғыруына байланысты болып отыр. Жаңа жобалар – біркүндік акция немесе кеңселік шаралар емес, партия мүшелерінің еңбегі, нәтижесінде қазақстандықтардың өмірі мен тұрмысы жақсаруы тиіс, - деп атап өтті «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, форумда адами ресурстарды басқару мен партияның кадрлық резервін қалыптастыру мәселелері де талқыланды. Онда бастауыш партия ұйымдарын ынталандыру үшін бағалау жүйесі енгізілмекші. Ұйым мүшелері мен белсенділерінің білімін жетілдіру, арнайы оқыту жоспарланған.