«Nur Otan» партиясының Орталық аппараты Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті.
Бұл туралы бүгін өзінің Instagram парақшасында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, көршілес Өзбекстанда су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысы Мақтарал ауданының елді мекендерін су басып, 30 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. ⠀
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға тез арада тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын жүргізуді тапсырды. ⠀
Төтенше жағдай болған алғашқы күннен бастап «Nur Otan» партиясы бұл оқиғадан сырт қалмады. Партия филиалы мен мүшелері зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсетуде»,-деп жазды Б.Байбек.
Оның жазуынша, бүгін партияның Орталық аппараты елордадан Түркістан облысына 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек, оның ішінде азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауарларды жөнелтті.
Сондай-ақ су тасқыны болған жерде тікелей «Jas Otan» волонтерларынан штаб құрылып, олар зардап шеккен тұрғындарға жүкті үлестіріп беруге атсалысады.