Елордада «Nur Otan» қалалық филиалының конференциясында мәслихатқа партиялық тізім қалыптастырылып, Парламент Мәжілісінің партиялық тізіміне кандидаттар анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сондай-ақ, қалалық сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, партияның XX съезіне қатысу үшін делегаттар сайланды, деп хабарлайды «Nur Otan» Орталық аппаратының баспасөз қызметі.
Сонымен, ең жоғары рейтингке ие праймеризге қатысушылар қатарынан және филиал квотасын ескере отырып, қала мәслихатына 1 орынға 2 адам қағидаты бойынша 62 кандидаттан тұратын партиялық тізім қалыптастырылды.
Талдау көрсеткендей, тізімдегі әйелдердің үлесі 20-дан 30% ға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар 0-ден 22,5%-ға дейін өсті. Үміткерлердің орташа жасы 9 жасқа – 52 жастан 43 жасқа дейін жасарды. Қызметтегі 25 депутаттың 5-і ғана жаңа партиялық тізімге енді. Жалпы, мәслихаттағы елордалық «Nur Otan» партиясының тізімі 90 пайызға жаңартылды.
Тізімде ШОБ өкілдерінің үлесі басым – 32,2%, білім беру саласы – 20,9%, денсаулық сақтау саласы – 11,4% және т.б. бар. Партиялық толық тізімді primaries.kz. сайтынан көре аласыздар.
Конференция барысында мәжіліске партиялық тізімге үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. Бірінші раундта қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі тезистерін таныстырды, екінші раундта сұрақ-жауап түріндегі пікірталас сессиясы өтті.
10 үміткердің ішінен партия мүшелері «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы қалалық өкілдік квотасына сәйкес 5 кандидатты таңдады.
Балалар ауруханасының меңгерушісі Лариса Павловец, «Атамекен» ҰКП өкілі Алмаз Жүнісов, «Халықаралық жаһандық әйелдер көшбасшылығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Балтаева Ханзада, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері Расул Медетов және бизнес өкілі Бауыржан Исабаев ең көп дауыс жинады.
Филиал төрағасы Алтай Көлгінов атап өткендей, қаланың сайлауалды бағдарламасы азаматтарға жайлы тұрмыс жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған нақты мақсатты индикаторларға негізделген.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы - тұрғындар мен билік арасындағы тұрақты диалог. Біздің міндетіміз - азаматтардың мәселелерін естіп және көріп қана қоймай, ең бастысы оларға дұрыс және жедел жауап беру. Сондықтан қалалық сайлауалды бағдарлама праймериз кезінде тұрғындардан түскен ұсыныстарды ескере отырып, пысықталды», - деді Алтай Көлгінов.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалдардың конференция кестесін жариялаған болатын, оның барысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер және әр өңірден мәжіліске партиялық тізімге кандидаттар анықталатын болады.
Кеше Шымкент және Алматы қалаларында конференция өтті. Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарында 16 қарашада өтеді. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 17 қарашада өтеді.
Қалалық және аймақтық конференцияларда кандидаттар арасындағы пікірсайыс праймериздің екінші деңгейі аясында өткізіледі.
Партияішілік іріктеудің бірінші кезеңіне 10 мың кандидат қатысты. Оның 37%-ы – әйелдер, 29%-ы — 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 30%-ы ұсынылса, 70%-ы — өзін-өзі ұсынушылар. Үміткерлердің орташа жасы – 43 жас. Бұл ретте дауыс беруге 662 мыңнан астам партиялық қатысты.