Ресейдің Новосибирскі қаласында сәрсенбі, 28 тамызда таңертең бір қабатты ғимараттың қабырғасы құлады, деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметінің "Сибирь.Реалии" сайты.
Ресейдің тергеу комитетінің дерегінше, кемінде екі адам қаза тапқан. Үйінді астында 11 адам қалған болуы мүмкін деп хабарлайды "Интерфакс" агенттігі. Құпия дереккөзге сүйенген агенттік бір адамның құтқарылғанын, оның көп жарақат алғанын жазды.
Төтенше жағдай министрлігінің аймақтық бөлімшесі қайта жөндеуден өтіп жатқан ғимарат қабырғасының құлағанын растады. Үйінді астында қалған адамдарды құтқару мақсатында оқиға орнында құтқарушылар мен дәрігерлер жұмыс істеп жатыр.
Қабырғаның неден құлағаны әзірге белгісіз. Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.