28 шіл, 2016 сағат 11:55

«Новое время» тағы да бұра тартты

«Новое время»  – Павлодарда  шығатын орыстілді тәуелсіз басылымдардың бірі, құрылтайшысы  Сергей Стрюк деген ірі кәсіпкер, редакторы Ирина Лебедева деген журналист.

Әу бастан-ақ газет авторларының  тіл және ономастика саясаттарына қатысты материалдарынан редакцияның  ұстанымы айқын аңғарылады. Мәселен, «О переименованиях и «седалищном мышлении»  («НВ» №26, 30.06. 2005 ж.)  атты жарияланым авторы «Ну неймется переименователям! Как будто своих, местных и пришлых, нам мало, вот еще из Астаны скучающие дамы шлют письма «с приветом» — хочу, мол, чтобы Павлодар назывался Кереку! Вот хочет она, и все!» деген сықылды қиямпұрыс, қисық сөздермен Павлодар атауына байланысты пікір білдірген  азаматтарды кекетіп-мұқатып, мысқылдап, әжуалауға  бейім екенін көрсетті. Редакция мұндай сайқымазақтықпен тынса бір сәрі, оқиғаның  мән-мағынасын  өз қалауына қарай өзгертіп, бұра тартатыны тағы бар. Айталық, кезінде облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаевқа ірі кәсіпорындардың қолдауымен бір тәуелсіз қазақ  газетін ашу жөнінде ұсыныс жасаған белгілі журналист, жазушы Сайлау Байбосынды облыс әкімін облыстық бюджет есебінен кезекті қазақ газетін ашпағаны үшін күстаналаған қылып көрсетті!.. Бірақ іле С. Байбосынның үзілді-кесілді талап етуімен редакция газеттің келесі санында әлгі жазбаны  терістейтін мақала басуға мәжбүр болды.  Бұдан сол жарияланымның авторы, газеттің штаттан тыс тілшісі Булат Шарипов (шын тегі Казиев) сабақ алатын шығар деп ойлағанбыз.  Жоқ, олай болмады.

«Кого приглашают в советники» атты жарияланымда («НВ» № 28 (1092) 28 шілде, 2016 жыл) Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ержан Төкеновтың «Тіл керуені» жобасы қазақ тілінің аясын кеңейтуге серпін берді» атты мақаласын («Ана тілі» газеті,  8 шілде, 2016 жыл) өз көзқарасына сәйкес  талқылаған. Мәселен,  облыстың жергілікті атқарушы органдарындағы шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесінің 99,9 пайызға жеткеніне наразылығын білдіріп, мұнысын Елбасының   сауалдар қай тілде айтылса, сол тілде жауап берілуге тиісті деген сөздерімен негіздеуге тырысыпты… Сондай-ақ, өткен жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы шеңберінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық жоба бойынша Павлодар облысына келіп, орыстілді аудиториялармен кездесулер өткізген белгілі саясаткерлер Дос Көшім мен Айдос Сарымның саяси іс-әрекеттерін, азаматтық ұстанымын  барынша  қара бояумен көрсетті. Сөйтіп, «И вот таких людей государственные органы приглашают в «советники». И нетрудно представить, что они могут насоветовать. Печально…» деп,  мақаласын қорытындылаған…

Айтпақшы,  өткен жылы жеңістің 70 жылдығына орай облыс бойынша 49 көшенің атауы өзгертілген еді. Алайда,  Ержан Төкеновтың жарияланымында бұл көрсеткіш Павлодар қаласы бойынша делініп, жаңсақ жазылып кеткен екен. Булат Шарипов мұны да өз пайдасына жарата қойыпты…

Сөз соңында айтарымыз, «Новое времяның» бұл жолғы бұра тарқанына төзімділік таныту жөн бе, әлде редакция мен авторға жауапкершілік жүктеу керек пе? Қайсысы дұрыс болар екен?

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы

«Ұлт порталы»