17 қыр, 2020 сағат 11:13

Навальныйдың Томск қонақ үйіндегі бөлмесінен "Новичок" қалдықтары бар бөтелке "табылды"

"Новичок" әскери уының қалдықтары қалған бөтелке Томск қонақ үйіндегі Алексей Навальныйдың бөлмесінен табылды. Бұл туралы "Проект" басылымы және Навальныйдың Instagram-дағы блогы жазды. Осыған қарап ресейлік оппозициялық саясаткер әуежай немесе ұшақта емес, қонақ үйде уланды деп топшылауға болады. Бұған дейін "Тайга.инфо" басылымы қонақ үйдің аймақтағы жоғары лауазымды шенеуніктер мен күштік құрылым өкілдерімен тығыз байланыста екенін жазған.

Жемқорлықпен күрес қоры (ЖКҚ) қызметкерлерінің бірі "Проект" басылымына қонақ үйден бөтелкені Берлинге ЖКҚ өкілі Мария Певчих жеткізгенін айтты. Осыдан соң Ресей билігімен тығыз байланысты ақпарат құралдары Певчихті қаралап, оны Навальныймен интимдік қарым-қатынаста болды, оған сол у беруі мүмкін деп айыптады.

Басылымның жазуынша, Томск уақытымен таңертеңгі сағат ондар шамасында Навальный мінген ұшақ Омбыға қонған және ол туралы жаңалық бірден әріптестеріне жеткен. Томскіде қонақ үйде қалғандар осы уақытта бірінші қабатта таңғы ас ішіп отырған. Олар бірден улануға қатысы болуы мүмкін заттардың бәрін жинауға тырысқан. "Айғақтарды сол күйінде сақтауға күш салдық" деді Навальный штабының Томскідегі өкілі "Проект" басылымына.

Бұған уақыт та мүмкіндік берген: Навальный қонған бөлмені ол кезде жаңа адамдарға беріп те үлгермеген. Ал қонақ үйде тазалау жұмыстары таңертеңгі сағат 10-11-лерде басталады. Бұған сол жақта зерттеу үшін қонып шыққан "Проект" тілшісінің де көзі жеткен.

Ол жақта қалған ЖКҚ қызметкелеріне жергілікті штаб белсенділері көмекке келген, олар Навальный тұрған 239 бөлмеге кезекші қойған. Ақыры ол жерден оппозициялық саясаткер таңертең қолданған болуы мүмкін бірнеше зат алынған. Олардың арасында "Святой источник" маркалы аузы ашылған су бөтелкесі болған. ЖКҚ қонақ үй бөлмесін тексеру кезіндегі видеоны да жариялады.

Жемқорлықпен күрес қоры қызметкерінің айтынша, саясаткердің өзі бөтелкеден қашан су ішкенін есіне түсіре алмаған. Дегенмен судың құрамында у болмаған сияқты. "Новичок" уын шығаруға атсалысқандардың бірі Владимир Углев "Проект" басылымына егер у сумен бірге саясаткердің ағзасына түскен болса, онда сол сәтте-ақ бірнеше минуттан соң "дірілдеп, қалтырай бастар еді" деген.

Навальный жағдайының нашарлау динамикасын сараптаған Углев саясаткердің денесіне у тиюі мүмкін деп топшылайды. Ал бірақ оған қайдан жағылғаны белгісіз. Қонақ үйден алынған өзге заттардан "Новичок" қалдықтары табылды ма, жоқ па, әзірге айтылмайды.

"Проектінің" жазуынша, зерттеуге қонақ үйдегі бақылау камерасына түскен жазбалар көмектесуі мүмкін. Навальный бөлмесінде болған оқиғалар бірден екі камераға жазылған. Ол жазбалар құқық қорғау органдарының қолында.