24 қыр, 2019 сағат 10:33

Ниязымбетов: Бекзаттың Ла Крусты ұтатынына сенбедім, бірақ қырғын айқас боларын сездім

«Бекзат – Алтын ұл», «Ұрсаң осылай ұр!», «Кубалық канвасқа сүйенбегенде, сұлап жатар еді», «Апыр-ай, Алаш елін бір серпілткені-ай»... Әуесқой бокс әлемінде сенсация жасап, Екатеринбургте әлем чемпионы атанған жас боксшы Бекзат Нұрдәулетовке айтылып жатқан құрмет-қошемет бұл. Оның қарсыласы он жыл бойы өз салмағында ешкімге дес бермеген Куба қабыланы Хулио Сесар Ла Крус еді. Иә, Әділбек Ниязымбетовке екі мәрте Олимпиада чемпионы атануға кедергі келтірген сол баяғы Ла Крус...

«Негізі бапкермен ақылдасқанбыз. Ла Крусты қалай жеңуге болатыны жайлы құрама нақты бір тактика әзірледі. Әлем чемпионатына барған кезде Бекзат пен Ла Крус бір-бірінің қателіктерін барынша аңғарып, білмекке тырысқаны анық. Бекзаттың Ла Крусты әбден зерттегені көрініп тұр. Себебі, анау-мынау емес – боксшымыз Әлем чемпионатының салмағын сезді», - дейді қос бірдей Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов.

- Нақты сіз белгілі бір ақыл-кеңес айтқан боларсыз? Ла Крустың әлсіз тұсын білдірдіңіз бе, бәлкім?

- Бекзатқа сәттілік тілеп, оның қарсыласы - баяғы Ла Крус емес екенін, бірінші айқастан бастап кубалықтың шаршап тұрғанын аңғарттым. Шынында да, кубалықтың бұрынғы қарқыны мен айбынының жоқтығын алғаш көрген кезде-ақ көзінен байқағанмын.

- Ла Крустың әлеуметтік желіде «Әділбекпен сөйлесіп тұрамыз, туған қаласына шақыратын. Теңіз жағасында тұрады екен. Ерекше батыр адамдар тұратын аймақта өскенін сөз қылатын, мән бермеппін. Иә, мен сол кез мән бермеппін. Кешегі ойыннан соң мен Әділбектің «мен өскен өлкенің жігіттері шетінен батыр» деген сөзін еске алдым. Кешегі мені жеңген жас жігіт Әділбектің інісі екен. Екеуінің өскен ортасы, мектебі, тәлім терген бапкері ортақ» деген сұхбатынан үзінді тарап жүр. Ла Круспен шынында достық қарым-қатынастасыз ба? Ақтауға шақырғаныңыз рас па?

- Рас. Оның сұхбат бергені де, араласып тұратынымыз да рас.

- Қалай араласып тұрасыз?

- Көбінесе Instagram арқылы сөйлесіп тұрамыз.

- Бекзаттың өнеріне қалай баға бересіз? Ол панчер ме?

- Иә. Ол панчер.

- Бекзаттың болашағы туралы не айтасыз? Өзіңіз қазір қандай қызметтесіз?

- Бекзаттың болашағы әлі алда. Әлем чемпионатына бару-бармауы белгісіз болып жүріп, Алла жолын оңғарып, ақыры жұлдызы жанды, бәрімізді қуантып тастады. Бағы мен бабы қатар шапты, чемпион болып, елімізге әлем біріншілігінен жалғыз алтын медальді алып берді. Мен үшін бұл зор мәртебе. Бәріміз де Бекзатпен мақтанамыз. Қазақстанның, Ақтау бокс мектебінің мерейін асырды. Екіншіден, кубалықты ұтқаннан кейін Бекзаттың алтын медаль алатынына 200 пайыз сенімді болдым. Ең басты қарсылас – осы кубалық боксшы болды ғой.

Өзім қазіргі таңда Олимпиадалық даярлау орталығында қызметтемін. Көбінесе қағаз жұмыстарына жауаптымын. Өзіміз кезінде Қазақстанның намысын қорғап Жазғы Олимпиада ойындарына баратын едік. Енді бүгінгі күні басқа спортшылардың Токио төрінде сәтті өнер көрсетуі үшін күш салып жатқан жайымыз бар. Спортта жүрдік. Енді басқа жұмыстарды да көру керек, тану керек деген ойдамын.

- Әділбек аға, шыныңызды айтсаңыз, Бекзаттың Ла Крусты жеңетініне сенімді болдыңыз ба? Бекзатқа дейін мәселен, кубалық ресейлік боксшыны келеке еткендей, ойнап жүріп-ақ жеңді. Шыны керек, Бекзаттың жеңісіне көп адам сенген жоқ қой...

- Енді мен, ұтады деп 100 пайыз сенген жоқпын. Бірақ, қырғын айқас боларын білдім. Неге десеңіз, кубалық маған шаршаңқы сезілді. Ал біздің Бекзат жарқырап келе жатқан жас батыр. Сол себептен осы жолы кубалықтың бағы таятынын сезгендей болдым.

- Алда Токио Олимпиадасы келе жатыр? Біздің боксшылардан не күтесіз? Нақты болжамыңыз қандай?

- Меніңше, жоқ дегенде біздің жігіттер екі алтын медаль алу керек деп ойлап отырмын.

- Нақты кімдерден алтын медаль күтесіз?

- Бекзаттан... және Абылайханнан (Жүсіпов) күтем.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.

Еске сала кетсек, жақында Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өткен Әлем чемпионатында 81 келі салмақта қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов жеңімпаз атанған болатын. Нұрдәулетов финалда өзбекстандық боксшы Дилшодбек Рузметовпен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен 5:0 есебін жеңіске жетті.

ҚазАқпарат