13 қыр, 2019 сағат 17:31

Ник Вуйчич: "Қазақстан, ешқашан берілмеңдер!.."

Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында австралиялық әйгілі мотиватор, меценат Ник Вуйчич тренинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аяқ-қолсыз кембағал туып, мықты күш-жігерінің арқасында әлемге танымал адамдардың қатарына енген, 70 елде оратор ретінде шеберлік сағаттарын өткізген әйгілі Ник Вуйчичтің тыңдармандары елордада да баршылық екен. «Қазақстан» концерт залының 3,5 мың орындық залына адам лық толды. Солардың ортасында қала әкімі Алтай Көлгінов те болды.

«Әлемге танымал, алдағы 5 жылының әр күні жоспарланған танымал мотиваторлардың елордаға келуіне ықпал еткен ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Бүгінгі шеберлік-сабағының тақырыбы «Жалқаулыққа жол жоқ» деген мағынада алыныпты. Осы шарадан кейін Нұр-Сұлтанда жалқаулықтан қорықпайтын адамдардың саны 3,5 мыңға көбейеді деген үміт бар. Біздің мемлекеттік қызметшілерге де осындай мотивациялық шаралар қажет-ақ», - деді кеш қонағы Ник Вуйчичті сахнаға шақырған Алтай Көлгінов.

Австралиялық шешен бірден жұмысына кірісті.

«Мен келесі жолы Қазақстанға отбасыммен келсем деген ой түйдім. Әлемнің 70 елінде болғаныма қуанамын. Залда мүгедек арбасына таңылған адамдардың бар екенін көріп тұрмын. Біреулер туғаннан жарымжан болса, біреулер апатқа ұшырап, біреулер сырқат салдарынан осындай күйге түскен шығар. Негізі туа мүгедек болудан аяқ-қолыңды орта жолда жоғалту әлдеқайда ауыр. Бірақ жер бетіндегі адамның ешқайсысының төрт құбыласы тең емес. Менің аудармашым болып тұрған Владимирге қараңыздаршы. Бір қарасаңыз аяқ-қолы сау, түрі-басы мінсіз болып көрінуі мүмкін. Кейде сырты бүтін адамның жан-дүниесі кемтар болып жатады. Сондықтан өз болмысыңызды кемшілік деп қабылдамаңыз», - деп бастаған оратор байлық, мейірім, әділдік турасында ой қозғады.

«Мен алғаш туғанда дәрігерлер ата-анамнан кешірім сұрап, менің ешқашан жүре алмайтынымды айтыпты. Көріп отырсыздар, мен жүре алам. Яғни адамның тағдырына тек өзі ғана үкім айта алады», - деді Ник Вуйчич.

Зал толы халықты бір сағаттан астам уақыт бойы жігерлі сөзімен баураған әйгілі мейманның тосын әрі тура айтылған сөздеріне тыңдармандар қайта-қайта қол соқты. Олардың бір бөлігі әсерлі сөздерді ұялы телефондарының камерасына жазып жатса, дайындықпен келгендері қойын дәптерлеріне қаламмен түртіп алып отырды.

Ник Вуйчич:

«Мен көптеген байлардың алдында сөз сөйлеп, жігер бердім. Сырт көзге олардың мұқтаждығы жоқ болып көрінеді. Бірақ олардың көбі бақытқа мұқтаж».

«Соңғы рет қашан жақыныңызға оны жақсы көретініңізді айттыңыз? Соңғы рет қашан жұбайыңызды кешкі асқа апардыңыз? Соңғы рет қашан анаңызға гүл сыйладыңыз? Соңғы рет қашан ұлыңызға оны мақтан тұтатыныңызды айттыңыз? Егер есіңізге түсіре алмасаңыз, соны бүгін істеңіз!».

«Ахуал дегеніміз – мүмкіндік. Таңғажайып бола біл. Өзіңізге екінші мүмкіндік беруден тартынбаңыз. Егер ішерге ас таппай қалсаңыз, азыққа мұқтаж тірі жан екеніңізге шүкіршілік етіңіз. Ал ас табылғанда оған қолы жетпей жүргендерді еске алыңыз. Аздап дәулет пайда болса, кедейлерді ұмытып кетпеңіз. Өмір бөлісумен мәнді. Өмір бөлісуден тұрады. Сонда сараң бай да, ашушаң кедей де болмайды. Әйелім екеуіміз 15 жетім балаға демеуші болып келеміз. Өз балаларымыз оларға жылы сөздермен хат жазады. Осы арқылы біз оларды адамдыққа баулып жүрміз».

 

«Қазақстан, ешқашан берілмеңдер! Егер сіз мемлекетіңіз жомарт болғанын қаласаңыз, өзіңіз де сараң болмаңыз. Қолыңызда дәулет болмаса, пайдалы ақпаратпен, біліміңізбен, жағымды эмоцияңызбен бөлісіңіз. Егер сіз әділдік орнасын десеңіз, өзіңізді әр жағдайда әділ ұстаңыз. Маңайыңызда адалдық болғанын қалайсыз ба, өзіңіз сол адалдыққа айналыңыз.

Жақындарыңыздың кешірімді болғанын қалайсыз ба, кешірімге айналыңыз. Әлем де, халық та, отбасыңыз да бір сәтте өзгермейді. Бәрі саты-сатымен, қадам-қадаммен орнына келеді. Тек сол өзгерістің бөлшегі болуға асығыңыз».