Бүгін «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан «Niet» әлеуметтік жобасының тұсауы кесілді. Жұмыс күндері 12:00-ден бастап 2 сағат бойы тікелей эфирде көрсетілетін жобада көмекке зәру жандардың мәселесі көтеріледі. Бағдарлама ұжымы әр кейіпкерге психологиялық көмекті айтпағанның өзінде, сан-салалы мәселелер бойынша нақты қолдаулар ұсынады.
9 қыркүйек күнгі бағдарламаның алғашқы шығарылымында ауыр дертке шалдыққан бір жасар Әмір Берғанның оқиғасы көтерілді. «Niet» әлеуметтік жобасының шығармашылық тобы Әмірге көмек қажет екенін айтып, қолұшын созуға ниетті азаматтарға құлаққағыс еткен болатын. Соның нәтижесінде жомарт жандардың бірі 1 млн. теңге аударып, Әмір анасымен Түркия еліне аттанды. Тікелей эфир барысында тағы бір көрермен қоңырау шалып, бүлдіршіннің еміне қажетті қаржыны беруге дайын екенін жеткізді.
Бұған қоса, студияға келген өзге де бірнеше кейіпкердің арманы орындалды. Жобаның 10 қыркүйек күнгі шығарылымында көпбалалы отбасыға пәтер кілті табысталатын болады.
«Niet» жобасы мұқтаж жандар мен қолы ашық қалың бұқараның арасында көпір болуды мақсат еткен. Мұң-мұқтажын айтып келген жандарға әр хабарда көмек көрсету жоспарланған. Бұған тікелей эфирге хабарласу арқылы қолұшын созуға ниетті әр адам атсалыса алады.
Көмекке зәру жандардың өтініш-тілектері +7 776 535 0751, +7 701 555 0751 нөмірлері бойынша кез келген уақытта қабылданады. Хабар барысында сауал жолдап, пікір білдіру үшін 8 (717) 2 75 71 71, +7 701 5550751 (Whatsap) байланыс телефондары жұмыс істейді.