15 нау, 2021 сағат 07:25

Нидерланд AstraZeneca вакцинасын пайдалануды екі аптаға тоқтатты

AstraZeneca компаниясы адам ағзасында тромбтардың түзілуіне вакцина әсер етті деген тұжырымға дәлел жоқ деп мәлімдесе де, Нидерланд коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасын егуді кемінде 29 наурызға дейін тоқтатты. 

Үкімет 14 наурызда мұндай шешім Дания және Норвегиядан түскен баяндамаларға негізделіп шығарылғанын хабарлады. Жақында Норвегияда AstraZeneca вакцинасы егілген үш медицина қызметкеріне қан кету, тромбтардың түзілуі және тромбоциттердің төмендеуі диагноздары қойылып, ауруханаға түскен. 

AstraZeneca басшылығы 14 наурызда қолда бар деректі талдап, тромбқа шалдыққандар саны жалпы халық арасында кездесетін жүздеген көрсеткіштен әлдеқайда аз деп мәлімдеді. 

Бұған дейін Ирландия да осыған ұқсас шешім қабылдаған. Италияның солтүстігіндегі Пьемонт облысының билігі вакцина егілгеннен кейін көп кешікпей қайтыс болған мұғалім өлімінен кейін AstraZeneca вакцинасын пайдалануды тоқтататынын мәлімдеген. Аймақ басшылығы адам өлімі мен вакцина арасында байланысты анықтайтын сараптама нәтижесін күтіп отырғанын айтты.