14 жел, 2016 сағат 13:50

Нетаньяху Қазақстанның жоспары мен Израильдің мүмкіндіктерін ұштастыруды ұсынды

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Израиль мемлекетінің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Шағын құрамда өткен кездесу барысында Қазақстан мен Израиль серіктестігінің басты бағыттары талқыланды және сауда-экономика, инвестиция, сондай-ақ инновациялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері қарастырылды.

Тараптар күн тәртібіндегі мейлінше өзекті халықаралық жайттар жөнінде де пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Биньямин Нетаньяхудің сапары барша қазақстандықтар үшін айтулы мереке - Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын айтты.

"Осы жылдарда Қазақстан мен Израиль арасында жылы қарым-қатынас сақталып келеді. Қазақстанда тұрып жатқан көптеген еврей диаспорасы өкілдері мен Израильдегі қазақстандық қауымдастық халықтарымыз арасындағы сындарлы қарым-қатынастың дәнекері болып отыр", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Израильмен іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келе, бұл сапар екіжақты қарым-қатынас аясын кеңейтуге тың серпін береді деп үміттенетінін білдірді.

Израиль мемлекетінің премьер-министрі Қазақстанға Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында келгені өзі үшін зор мәртебе екенін жеткізді. "Қазіргі кезде әлем үлкен өзгерістерді бастан өткеруде, қауіпсіздік саласында көптеген сын-қатерлер пайда болды. Сонымен бірге бұл өзгерістер негізінен экономиканың кез келген саласымен тығыз байланысты жаңа технологиялардың зор мүмкіндіктеріне жол ашуда", - деді Биньямин Нетаньяху.

Премьер-министр Израильдің қауіпсіздік пен жаңа технологиялар саласында зор табыстарға жеткеніне назар аударды.

"Осыған орай Қазақстан дамуының стратегиялық жоспарлары мен Израильдің мүмкіндіктерін екі елдің игілігі жолында ұштастыруды ұсынамын", - деді Израиль премьер-министрі.

Мемлекет басшысы Израиль премьер-министрінің ұсынысы Қазақстан тарапының жоспарларымен үйлесетінін атап өтті. "Израильдің инновация мен жаңа технологиялар саласындағы жетістіктері бізге жақсы таныс. Бүгінде 270 компания экономиканың түрлі салаларында Қазақстан кәсіпорындарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Сіз ұсынған формат бойынша ынтымақтастық орнату туралы мәселе бүгінгі бизнес-форум аясында қызу талқыланады деп ойлаймын", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.