Ақорданың баспасөз қызметінің Уoutube-тегі каналында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сарыағашта Ресей және Өзбекстан елдерінің президенттерімен кездескен шағын видеосы жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Шағын видеода көршілес үш мемлекет басшыларының еркін форматта әңгімелесіп отырғанын көруге болады. Әңгіме соңында Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин мен Шавкат Мирзиёев бір-бірінің қолынан ұстап, фотосуретке түсті.
Еске сала кетсек, үш елдің басшылары Сарыағашта 20 қазанда кездескен болатын. Мемлекеттер басшылары бейресми кездесу барысында елдер арасындағы, соның ішінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылаған еді.
Сонымен қатар, басқосуда Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Өзбекстан Республикасының ТМД және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі басты аспектілер жөнінде пікір алмасты.