17 қаң, 2023 сағат 12:26

Назарбаевтың отбасы мүшелеріне тиесілі жерлер қайтарыла ма – министр жауабы

Фото: Тұрар Қазанғапов ©/TENGRINEWS

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Назарбаевтың жақындарына тиесілі жерлер заңбұзушылық анықталған жағдайда мемлекетке қайтарыла ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өткен аптада Парламент "Тұңғыш Президент – Елбасы туралы" Конституциялық заңның күшін жою туралы" Конституциялық заңды қабылдады. Оған сәйкес, Назарбаевтың отбасы мүшелері барлық кепілдіктен айырылады.

Үкімет кулуарында журналистер Қарашөкеевтен "заң күшіне енгеннен кейін Назарбаевтың отбасы мүшелеріне тиесілі жерлер заңбұзушылық анықталса, мемлекетке қайтарыла ма" деп сұрады.

"Қандай фамилия болмасын, кім болмасын, бізге ол әсер етпейді. Біз барлық жерді тексереміз. Жерді тиімсіз пайдалану фактілері, жерді заңбұзушылықпен беру фактілері анықталса, әрине, міндетті түрде ол жерді тексеріп, елге қайтарамыз", - деді Қарашөкеев.

Айта кетері, былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр 5 млн гектар жерді мемлекетке қайтарды.