Фото: Tengrinews.kz
Әділет министрі Азамат Есқараев Тұңғыш Президент туралы заң күшін жойғаннан кейін Назарбаевтың жақын туыстарын қылмыстық жауапқа тартуға бола ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Парламенттің бірлескен отырысынан кейін журналистер Есқараевтан егер Назарбаевтың отбасы мүшелері бұған дейін қылмыс жасағаны анықталса, олар қылмыстық жауапқа тартыла ма деп сұрады.
"Заң бойынша тиісуге болмайтыны, қамтамасыз ету туралы кепілдіктер тек экс-президенттерге қарастырылған. Отбасы мүшелеріне көзделмеген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өкілетті органдар қарайды, егер анықталып жатса, тиісті шешім қабылдайды", - деді министр.
"Егер Қазақстан азаматы олардың үстінен арыз жазса, іс қарала ма?" деп нақтылады БАҚ өкілдері.
"Заңнамаға сәйкес арыз жазса, өкілетті органдар қарауға тиіс", - деп жауап берді Есқараев.
13 қаңтарда парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы" Конституциялық заңды қабылдады. Құжатқа Президент қол қоюы керек.
Енді Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тұратын отбасы мүшелері барлық кепілдіктен айырылады. Бірақ Тұңғыш Президенттің өзіне тиісуге болмайды. Назарбаевқа экс-президенттерге қатысты нормалар қолданылады.