07 қар, 2017 сағат 16:41

Назарбаевтың құрметіне қойылған хризантема Жапонияда «Мәртебелі» атағын иеленді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне аталған хризантема гүлі Жапонияда «Мәртебелі» атағына ие болды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жапонияда 9 қыркүйек Хризантема мерекесін тойлайды және қараша айы дәстүрлі маусымның ұлттық гүлі болып саналады. Бүкіл ел бойынша саябақтар мен храмдарда өтетін Хризантема фестивалінде  хризантеманың барлық пішіндері  мен мыңдаған түрлері ұсынылды. Осы жылы жапон қоғамдастығына алғаш рет «Президент Назарбаев» деп аталатын хризантема сұрыпы ұсынылды.

Бұл гүл 2016 жылы Мемлекет басшысының Жапонияға жасалған ресми сапары барысында өсіріліп, таныстырылған болатын. «Президент Назарбаев» хризантемасы 2 метрге дейін жететін биіктігі мен тығыз орналасқан күлтелерімен адамның басына тең келетіндей сары түйнегінің көлемімен ерекшеленеді. Сары хризантема Жапонияның символы болып табылады және император тағы мен осы ел азаматтарының ұлттық паспорттарын әшекелейтін мемлекеттік гербін білдіреді.

Елбасын құрметіне орай аталған гүл әртүрлі байқаулар мен фестивальдерде жүлделі орындарға ие болып, флористер мен әуесқойлар арасында кеңінен танылып отыр. Атап айтқанда,  6 қарашада Изуми қаласында (Осака префектурасы) өткен Жапонияның Хризантема фестивалінде 300 мыңға жуық гүлдің арасында «Президент Назарбаев» хризантемасы Жапония Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрінің, сондай-ақ Жалпы ұлттық істері және коммуникациялар министрінің арнайы сыйлығын иеленді.

Сондай-ақ, Токио Үкіметінің қолдауымен 7 қарашада Жапонияның Хризантема әуесқойлары қауымдастығы Хибия орталық саябағында ұйымдастырған 95-ші Токио хризантема фестивалінде «Президент Назарбаев» гүлі «Мәртебелі» атағына ие болды.

Бұған дейін хризантема сұрыптарына мемлекет басшыларының есімдері берілмеген. Оларға «Шығыс желі», «Патша», «Бес император» сияқты лирикалық сипаттағы жалпылама атаулар  қойылып келген.