12 қаз, 2019 сағат 10:20

Назарбаевтың «Хабар» арнасына берген сұхбаты (толық видео)

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Хабар» телеарнасына берген сұхбатының толық видеонұсқасы жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, Елбасы сұхбат барысында Президент өкілеттігін неліктен тоқтатқанын түсіндірді. 30 жылдық еңбегінің нәтижесінде өзінің серіктестерімен және замандастарымен бірге 100 жылға татитын шаруа атқарылғанын атап өтті.

Ел тыныштығы мәселесі туралы айта келе: «Басқа мемлекетке қашып кеткен қылмыскерлер сол жақтан әртүрлі дақпырт таратады. Оларды аяймын. Ешкімге де керексіз, Отансыз адамдар өзінің елінде жаманшылық болса екен деп ойлайды. Онда арамзаға қалай адамның бүйрегі бұруы керек. Айтыңдаршы?! Қазақстанда жаман болсын, Қазақстан шуылдасын, Қазақстан төбелессін, қырылыссын дейді. Ондай жауыздардың сөзін тыңдамау керек», - деді. Сондай-ақ ұлттың ақсақалы, жанашыры ретінде жастарға ең алдымен, білім алуға тырысу керектігін қадап айтты. «Егер Тәуелсіздікті сақтап қаламыз десек, елдің бірлігін сақтауымыз керек», - деді Тұңғыш Президент.

Елдің басты бағыты – алдыңғы қатардағы 30 елдің қатарына қосылу. Қазіргі мақсат – атқарылған жұмыстың қарқынын тоқтатпай, ары жалғастыру.

Бұдан бөлек, Назарбаев Президент қызметіне бірнеше адамның кандидатурасын қарастырғанын және неліктен Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдағанын түсіндірді.

«Қосарланған билік» төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерге де нүкте қойылды. «Мен мұның барлығын естіп, оқып отырмын. Бұл қулық әрекеттен шығып отыр. Өсекті Қазақстанда тұрақтылықты қаламайтын адамдар әдейі шығарып отыр. Осы жерде төбелестің, қосарланған биліктің болған қалайды. Біздің Отанын сатқан қашқын ұрылар, ана жақтан халықтың тыныш өмірін бұзу үшін осындай ақпараттарды таратып отыр. Мұның ешқандай негізі жоқ. Себебі Қазақстан басқарудың президенттік формасы бар унитарлы мемлекет саналады», - деді ол.

Сұхбат кезінде Н.Назарбаев қазіргі уақытта немен айналысатынын, алдағы уақытта өзі салған суреттер көрмесін өткізу жоспарда барын жеткізді.