Фото: parlam.kz
Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы" Конституциялық заң жобасын екі оқылымда қарап, қолдап дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров былтыр бүкілхалықтық референдум нәтижесінде елімізде жаңа Конституция қабылданғанын еске салды. Жаңа Конституцияны жақтап Қазақстан халқының 77%-і дауыс берген еді.
Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды.
"Қазақстанның демократия мен плюрализмге бет алып, терең саяси трансформация жасау кезеңінде, жеке топтардың билікті меншіктеуге жетелейтін қандай да бір тетіктерге жол бермеу маңызды. Сондықтан мәжілістің бір топ депутаты халықтың басым көпшілігінің сұранысын ескере отырып, аталған заң жобасын ұсынды", - деп түсіндірді Сайыров Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында.
"Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы Елбасы туралы заңның күшін жою мәселесіне қатысты Конституциялық сотқа жүгінген. Конституциялық сот бұл заңның еліміздің жаңа Ата заңына сәйкес келмейтіндігі жөнінде шешім шығарды.
"Қазақстанның қоғамдық процесінде саяси институттарға монополия құру әрекеттері, өмір көрсеткендей, елде саяси құндылықтарды девальвациялап, мемлекет дамуына кері әсер тигізуге қабілетті. Сондықтан мұндай олқылықтарға болашақта қоғамдық-саяси иммунитет қалыптастыру өте маңызды! Жоғарыда айтылғанды басшылыққа алып, саяси - құқықтық негіз жоқ екенін ескере отырып, "Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті - Елбасы статусы" жөніндегі Конституциялық заңның күшін жою жөніндегі Конституциялық заң жобасы ұсынылады", - деді депутат.
Оның айтуынша, бұл қадам елімізде Ата заңымыздың нормаларын қатаң сақтауға, саяси институттарды бөтен протекциялық күштерден сақтандыруға бағытталған саяси – құқықтық акт.
Конституциялық заңның қабылдануы теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейді, бюджеттен қосымша қаржы талап етпейді.
Парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы" Конституциялық заңды қабылдады.