31 мам, 2023 сағат 13:55

Назарбаевқа тіл тигізуге қатысты қылмыстық жауапкершілік жойылуы мүмкін

Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Қылмыстық кодекстен Нұрсұлтан Назарбаевқа тіл тигізгені үшін жазаға тартатын 373 және 374-баптар алынып тасталуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген құжаттың жобасы Мәжілістің ресми сайтында 23 мамырдан бері тұр. Құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы.

Мәжіліс сайтындағы салыстырмалы кестеде Қылмыстық кодекстен Тұңғыш Президентті көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру (сондай-ақ оның суретін бүлдіру, оның заңды қызметіне кедергі жасау), Тұңғыш Президентке қол сұқпаушылық кепілдігін жою үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 373 және 374-баптарды алып тастау ұсынылғанын көруге болады.

Қазіргі уақытта заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралып жатыр.

Әділет министрлігіндегілер заңнамаға осындай өзгеріс енгізу ұсынылып, Мәжіліс қарауында жатқанын растады.

«Заң жобасы шеңберінде Қылмыстық кодекстен Тұңғыш Президентті көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру (сондай-ақ оның суретін бүлдіру, оның заңды қызметіне кедергі жасау), Тұңғыш Президентке қол сұқпаушылық кепілдігін жою үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 373 және 374-баптарды алып тастау жоспарлануда.

Қазіргі уақытта заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралуда», - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің қолданыстағы редакциясының 373-бабында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының ар-намысы мен қадір-қасиетіне жария түрде қорлау және өзге де қол сұғу, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бейнелерін қорлау, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының заңды қызметіне кедергі жасау» әрекеттері үшін екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Ал бұл әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жасалған болса, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне оның заңды қызметіне кедергі жасау мақсатында қандай да бір нысанда ықпал ету әрекеті бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соқтырады.

Ал 374-бап бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің мүлкіне, тұрғын және қызметтік үй-жайларына, жеке және қызметтік көлік құралдарына қол сұғылмаушылық кепілдіктерін бұзу, хат жазысудың, олар пайдаланатын байланыс құралдарының, банк құпиясының және банк шоттарына қол сұғылмаушылық кепілдіктерін бұзу әрекеттері бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соқтырады.