Сенатор Дариға Назарбаева ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа жолдаған депутаттық сауалында дәрі-дәрмек мәселесін көтерді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандық дәріханалар өзіне тәуелді ететін дәрілерді еркін сатады деген мәселе бірнеше рет қозғалған болатын. Олар есірткі сияқты әсер етеді. Сондай препараттардың бірі - трамадол. Әдетте, бұл дәріні 14-18 жастағы жастар сатып алады. Нарколог-дәрігерлердің пікірінше, трамодол морфин деген есірткіге ұқсас. Бұл препаратты үлкен көлемде қабылдау адамды масайтады. Кейіннен трамадол тәуелділікке әкеліп, ағзаны қинап, мидағы өзгерістерге әкеледі, бауырды бұзады. Бұл дәрілік зат рецепт бойынша сатылатындар қатарына қосылғанымен, тәжірибе жүзінде дәріханалар оларды еркін сата береді», - деді Назарбаева.
Сенатор Елжан Біртановтың 2018 жылғы 2 қазанда Үкімет отырысында айтқан сөзін еске салды.
«Сіз науқастарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектің 40% дәріханаларда сатылатынын және дәрілерді рецептсіз сату үлкен проблемаға айналғанын айтқан болатынсыз. Дәріхана қызметкерлері препараттарды өздері белгілеп, сатады. Олардың қатарында әсері күшті дәрілер де бар. Сондай-ақ, дәріханалар шағын және орта бизнес субъектілері болғандықтан билік оларды бақылай алмайтынын да мойындаған едіңіз», - деді Дариға Назарбаева.
Депутат өз сауалында Біртановтан министрлік тегін берілуі тиіс препараттардың дәріханаларға түсуінің алдын алу мен дәрі-дәрмектің рецептсіз сатылу проблемасын шешу үшін қандай шаралар қабылдап жатқанан сұрады.
Сенатордың айтуынша, дәріханаларды тексерістер жасауға тыйым салынған шағын және орта бизнес субъектілері тізімінен алып тастау мәселесін қарастыру керек. Сондай-ақ, тегін дәрілерді заңсыз сатып, препараттарды рецептсіз өткізген дәріхана иелері үшін әкімшілік жауапкершілікті жұмысын тоқтатып, лицензиясын қайтарып алуға дейін күшейту мәсәлесін қарау қажет.