13 қаз, 2016 сағат 09:23

Назарбаева мұғалiм Пактің iсi туралы: Бас прокурордан iстi тағы да қарап шығуды сұрадым

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысынан кейін депутат Дариға Назарбаева Қарағандыда сотталған ұстаз Юрий Пактің ісі бойынша құжаттарды тыңғылықты қарап шығу туралы Бас прокуратураға сауал жолдағанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

«Соттың жұмысына араласуға біздің ешқандай құқығымыз жоқ. Шешімге сенеміз бе, әлде сенбейміз бе бұл әркімнің жеке ойы. Интернетте, әлеуметтік желілерде бұл мәселе қызу талқыланып жатқандықтан, өз басым депутат ретінде прокуратураға тиісті хат жолдадым. Сондай-ақ осы істің барлық құжаттарын нақты қадағалап қарап, бізге жауаптарын берулері туралы сауал жібердім», - деді  Д. Назарбаева.

Осы ретте депутат прокуратурадан тиісті жауап келгеннен кейін, өзінің ой-пікірін айтатынын хабарлады.

Еске салсақ, Юрий Пакқа 2015 жылдың 14 сәуірінде Қарағандыдағы ЦУМ ғимаратына «бомба» қойды деген айып тағылды. Себебі оның ұялы телефонынан шұғыл әрекет ету қызметтеріне қоңырау түскен. Ер адам бомба қоятындығы туралы хабарлаған.

Ұстаз сотқа өзінің бұл іске қатысы жоқтығын айтып-бақты. Оның айтуынша, қоңырау шалынған уақытта ол әріптес-әйелдерге парталарды тасуға көмектесіп жүрген. Телефон бұл уақытта көрші кабинетте, сөмкесінің ішінде жатқан.

Айта кетейік, осы айдың басында Қарағанды облысы Қазыбек би аудандық соты физика пәнінің мұғалімі Юрий Пакты жалған лаңкестікпен айыптаған атышулы іс бойынша үкім шығарды. «Ю.Пак ҚР ҚК 273 бабы (Террористік акт туралы көріне жалған хабарлау) бойынша айыпты деп танылсын және жалпы режімдегі түзету мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деді Қазыбек би аудандық сотының судьясы Алия Жошева.

Сот процесі кезінде Ю.Пак өзінің кінәсіз екенін айтумен болды.

Сонымен қатар қазақстандықтар жалған лаңкестік үшін екі жылға сотталған қарағандылық мұғалімге қолдау білдіріп, петицияға қол қоюда. Петиция Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған.  Онда жазалау үкімі шыққан физика пәнінің оқытушысы Юрий Пактің ісін қайта қарау сұралған.  

Ұлт порталы