21 қаң, 2019 сағат 15:24

Назарбаев Зимбабве Республикасының Президентімен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Зимбабве Республикасының Президенті Эммерсон Мнангагвамен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстанға ресми сапармен келген Зимбабве Республикасының Президенті Эммерсон Мнангагваны салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөз өтті.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, ықпалдастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарына арнайы тоқталды.

– Біз сыртқы саясатымызда, соның ішінде Африка бағытында кең ауқымды сауда қарым-қатынастарын дамытуға және халықаралық бастамаларды өзара қолдауға ұмтылатын боламыз, – Қазақстан Президенті.

Зимбабве Республикасының Президенті Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік туғызып, Зимбабве делегациясына қонақжайлылық көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібі салалары бойынша екі жақты ынтымақтастық орнату, сондай-ақ Зимбабвенің көлік-логистика желісін жаңғырту және қайта өңдеу ісінде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.