05 қаз, 2018 сағат 12:37

Назарбаев жылдың 100 тәулігін жиналысқа шығындайтын шенеуніктерге шамданды

Бүгін Ақордада Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметте және мемлекеттік органдарда жиналыстардың көбейіп кеткенін сынады, деп хабарлады "Ұлт ақпарат".

«Соңғы уақытта ұзаққа созылатын Үкіметте және мемлекеттік органдарда отырыстар, жиындар еселеніп, қағазбастылық кетті. Мен келісіп, Жарлыққа қол қойдым. Сейсенбі Үкімет отырысы, дүйсенбі өзім қабылдаймын. Бейсені Парламент отырысы»,- деп атап өтті Елбасы.

Осы ретте Мемлекет басшысы ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтен бұл мәселенің бақылауда ма екендігін сұрады.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, жылына 2380 сағат жиналыс болады екен. Бұл 100 тәулікті құрайды. Сонда біздің министрлер, қызметкерлер жылына 100 тәулік жиналыста отырады екен. Ал қағазбастылық азайып келеді. Жиналыстар азаймай отыр. Көбіне сенбі, жексенбі күндері де жиналыс өтіп жатыр», - деді Қасымбеков. 

Қазақстан Президенті министрлер мен қызметкерлердің жылына 100 тәулік жиналыста отыратындығына ашуланды.

«Сіздер адамға жұмыс істеуге мүмкіндік бермейсіңдер ғой. Мен Жарлыққа қол қойдым. Үкіметке сейсенбі күні барыңдар, болды, одан кейін бармаңдар. Таңертең отырыс, түстен кейін кездесулер. Министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, олардың орынбасарлары үнемі осы жерде жүреді. Менің мемлекеттік жұмыста мол тәжірибем бар. Дайындалған отырыс 30 минут, күрделі  мәселелерге қатысты бір сағат өтуі мүмкін. Мемлекеттік қызметшілер заңға сәйкес 7 сағат жұмыс істеуі тиіс. Қызметкерлер түнгі 12-ге дейін отырмаулары қажет», - деді Мемлекет басшысы.