Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Тұңғыш Президентінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Алматы әуежайынан ұшып шыққан «Bek Air» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жайлы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым.
Қайғыға ортақтаса отырып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», - делінген жеделхатта.
Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.