Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасының баяндамасынан бұрын барша қазақстандықтарды ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдығымен құттықтады.
– Барша қазақстандықтарды және қаржы секторының бүкіл қызметкерлерін төл теңгеміздің 25 жылдығымен құттықтаймын. Күрделі кезеңдерді еңсердік. Теңгені енгізу арқылы Қазақстанның қаржылық тәуелсіздігіне жол аштық. Қазір біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық, – деді Елбасы.
Ұлттық банк төрағасы Қазақстан Президентіне валюта-қаржы нарығындағы қазіргі ахуал мен еліміздің экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы мәлімдеді.
– 2018 жылғы қазан айында инфляция соңғы 3 жылдағы ең төменгі 5,3 пайыз деңгейінде болды. Жыл басынан бергі инфляция 3,7 пайызды құрады. Біздің 2018 жылға жасаған болжамымыз бойынша оның деңгейі 5-тен 7 пайызға дейінгі аралықта болады, – деді Д.Ақышев.
Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысына инфляцияның қазіргі деңгейіне ықпал ете алатын негізгі факторлар жөнінде айтты.
– Біріншіден, бұл – экономикадағы инфляциялық қалыпты сақтау. Біз бағаның өсуіне жол бермеу үшін Үкіметпен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Бағаның субъективті факторлардың ықпалымен өзгеріп отырған нарықтарды анықтау үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Екінші фактор – біздің сауда саласындағы серіктестеріміз саналатын елдердегі ахуал, – деді Д.Ақышев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне ұлттық валюта бағамы төңірегіндегі жағдай жөнінде мәлімделді. Ұлттық банк төрағасының ақпаратына сәйкес, қуат көздерінің қазіргі уақыттағы құны қалыпты, бұл айырбас бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Д.Ақышев еліміздің алтын-валюта резервінің ахуалы туралы баяндады. Атап айтқанда, қазан айының соңына қарай алтын-валюта резервінің көлемі 29 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал, ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 57 миллиард АҚШ долларына жуықтады.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.