Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Хабар" арнасына берген сұхбатында елорданы көшіретін кандидат қалаларды таңдаған кезде Түркістан да қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.
"Ол көптен ойлап жүрген мәселе еді. Тіпті елорданы таңдаған кезде де ойымда болды. Ол кезде кішігірім қала. Елорданы онда апара алмайтын болдық. Себебі ол – біздің рухани орталығымыз, тіпті түркі әлемінің рухани ордасы", - деді Назарбаев.
Елбасы 1500 жылдық тарихы бар Түркістанды жандандырудың сәті енді түскенін атап өтті. Өйткені астананы салғаннан кейін оған қаражат табыла қоймаған.
"Шымкенттің халқы миллионнан асқандықтан, оны орталыққа бағынатын қала жасадық. Сондықтан мен Түркістанды облыс орталығы деп жарияладым. Түркі тілдес мемлекеттер де, басқалар да оны қолдады. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын", - деп түйіндеді Елбасы.
Сұхбат 11 қазан күні көрсетілді.
Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, отставкаға кететінін мәлімдеді.
Ол жоғарғы мемлекеттік қызметтен кеткенмен Қауіпсіздік Кеңесінің және "Нұр Отан" партиясының басшысы қызметтерін сақтап қалды, сонымен қатар Конституциялық кеңестің мүшесі болды.