Қазақстанда енді «Құрметті сенатор» атағы ешкімге берілмейді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Осыдан екі-үш апта бұрын Сенат регламентіне тиісті өзгерістер енгізілді. Соның аясында біз регламенттен «Құрметті сенатор» атағын алып тастадық. Енді бізде «Құрметті сенатор» деген институт жоқ. 2022 жылы өткен референдумда бүкіл халық қолдап, Конституциядан Елбасыға қатысты нормалар алынып тасталды. Бұл - халықтың шешімі. Ертең Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заң күшін (Парламент палаталарының бірлескен отырысында) жояды», - деді Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере олтырып.
Фото: senate.parlam.kz
Спикердің айтуынша, бұл дәреже бір адамға ғана берілген. Бірақ атақ заңмен бекітілмеген, тек Сенаттың регламентіне ғана енгізілген.
«Енді заңдарда «Құрметті сенатор» деген атақ жоқ. Бірден айта кетейін, кезінде Сенат регламентіне осы өзгеріс енгізілген. Біз бұл норманы қайта қарап, өзгерткенде «Құрметті сенатор» атағын алып тастадық. Бұған дейін ол тек бір адамға (Нұрсұлтан Назарбаевқа – ред.) берілген еді. Енді мұндай атақ ешкімге берілмейді. Өйткені бізде қазір ондай құқықтық негіз жоқ, алып тастадық», - деп түсіндірді ол.
Осы орайда тілшілер: "Сонда Назарбаев бұл атақтан айырылды ма?", - деп сұрады.
«Алып тастадық қой ол атақты, сондықтан ондай атақ қазір жоқ, ондай атақ болмайды. Түсінікті ғой барлығы», - деді палата төрағасы.