Мемлекет басшысының төрағалығымен ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Жиынды ашқан Қазақстан Президенті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жүргізу мәселелерін қатаң бақылауда ұстап отырғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер органдарының күш жұмылдыруының арқасында соңғы үш жылда қылмыс деңгейі 17,5 пайызға азайғанын атап өтті.
– Адамдар қылмыстық әрекеттен қорғану үшін, ең алдымен, полицияға барады. Тәуелсіздік жылдары 779 полиция қызметкері қаза тауып, екі жарым мыңға жуығы жарақат алды. Мұны естен шығармау керек. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының қазіргі жағдайы қоғам талабына толық жауап бере алмай отыр, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы полицейлердің азаматтармен өзара қарым-қатынасының қазіргі стандарттары ескіргенін әрі заман талабына сай келмейтінін атап өтті.
– Ішкі істер органдарының жұмысы қоғам күткен сенімді толық ақтай алмай отыр, азаматтардың көңіл толмастығын туғызуда. Адамдар өздерін қауіпсіз сезіне алмайды. Біз онсыз басты бағдарымыз саналатын қазақстандықтардың жоғары сапалы өмір сүруін қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан, полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдаудың бағыттарына сай ішкі істер саласында мазмұнды әрі сапалы өзгерістер жасау қажеттігіне тоқталды.
Отырыс барысында күн тәртібіне сәйкес Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Исекешев пен Ішкі істер министрі Қ.Қасымов баяндама жасады.
Елбасы берілген мәліметтерді назарға алып, жоспарланған барлық іс-шараны мұқият пысықтау қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, ішкі істер органдарының құрылымы мен штатын оңтайландыруды, сондай-ақ өзіне тән емес функцияларды алып тастауды тапсырды.
– Артық нәрсенің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүргізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керек. Құрылымдар оңтайландырылады. Соның нәтижесінде бір басшының қарамағында үшеу емес, бес адам болады.
Штат саны 10 пайызға қысқарады. Осы шаралар полицейлер санының 100 мың адамға шаққанда 471 полицейден келуін 424-ке дейін төмендетуге жол ашты. Бұл еуропалық орташа деңгейге сәйкес келеді. Осыған орай, 16 миллиард теңге үнемделмек, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев үнемделген қаражатты қызметкерлердің еңбекақысы мен әлеуметтік қамту жүйесін жақсартуға жұмсауды тапсырды. Елбасы қосымша ішкі резервтерді іздеу және тиімсіз әкімшілік шығындарды болдырмау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін де айтты.
– Полицейлердің жалақысын арттыруға қосымша 21,4 миллиард теңге бөлінетін болады. Мұның бәрі – халықтың ақшасы. Полицияны, армияны және соттарды салық төлеушілердің қаражаты есебінен ұстап отырмыз. Сондықтан, азаматтарымыз құқық қорғау органдарының өз міндетін мінсіз атқаруын талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қылмысқа қарсы күрес жүргізетін және қоғамдық тәртіпті сақтау ісімен тікелей айналысатын қызметкерлердің тұрғын үй мәселелерін шешу үшін қабылданған шараларға да тоқталды. Бұл шаралар полиция жұмысының ең маңызды деген бағыттарына білікті жаңа кадрларды тартуға, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті күзететін және қылмысқа қарсы күрес жүргізу қызметін атқаратын бөлімшелерді күшейтуге мүмкіндік береді.
Елбасы полиция қызметкерінің теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылып, барлық жеңілдіктен айырылатынын айтты.
– Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет. Кадрларды іріктеу, даярлау және ілгерілету жүйесі қайта қарастырылатын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Мамандарды даярлау сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академиялары қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Ішкі істер министрлігіне тиесілі 12 оқу орнының үздік бесеуі ғана қалатынын айтып, оған жоғары жалақы төленетін мейлінше білікті оқытушылар іріктеліп алынатынын атап өтті.
– Қазіргі полицейлерді кезектен тыс аттестация күтіп тұр. Заманауи стандарттарға сай келетін қызметкерлер ғана қалады. Осы сынақтан өтпегендердің орнына лайықты қызметкерлерді алу керек. Қазақстанда іріктеуді сапалы жүргізуге зор мүмкіндіктер бар – жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындары 20 мыңнан астам заңгер дайындап шығаруда, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ішкі істер органдарынан жұмыстың сервистік моделіне көшуді талап етті.
– Жыл сайын полицияға 4,5 миллионнан астам азамат шағымданады, ал оларды қабылдау үшін жағдай жасалмаған. Егер басына іс түскен адам келсе, оны тезірек әрі сыпайылықпен қабылдау керек. Бірақ бұл – бітер істің жартысы ғана. Оның проблемасын шұғыл әрі заңға сәйкес қарастыру қажет. Халықпен жұмыс істеудің заманауи форматы дегеніміз осы, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс кестесі ыңғайлы, сондай-ақ жайлы, техникалық тұрғыдан жақсы жарақтандырылған фронт-кеңселер құруды тапсырды.
– Қызметкерлердің жұмысында дөрекілік пен менсінбеушілік болмауға тиіс. Біреу қылмыстың құрбаны болса, немесе оған сондай бір қауіп төнсе, ол қауіпсіздікті сезінбейінше, жайлы өмір сүріп, жұмыс істей алмайды, – деді Елбасы.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті полиция қызметін бағалаудың жаңа критерийлерін енгізуді тапсырды.
– Критерийлер шынайы әрі тексерілетін болуға тиіс, сондай-ақ онда полиция жұмысының сапалы орындалуы мен осы жұмыстардың тиімділігіне халықтың баға беруі көрініс табуы керек. Бұл үшін мемлекеттік органдардың статистикалық мәліметтерімен қатар, әлеуметтік зерттеулерді де пайдалану қажет. Азаматтардың сенімі, жайлы тұрмысы мен қауіпсіздігі полицияның тиімділігін бағалаудың негізіне айналады. Есептік көрсеткіштерді арттыру үшін жұмыс істеу өткеннің еншісінде қалуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа цифрлық технологияны енгізудің маңыздылығына назар аударды.
– Ішкі істер органдарының жұмысына цифрлық технологияны жаппай енгізу қажет. Жолдауда көрсетілгендей, Қазақстанның барлық қалалары қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықталады. Тұрғындармен онлайн режімдегі кері байланысты жақсартуға мүмкіндік беретін қызмет түрлері енгізілетін болады. Заманауи технология полиция қызметінің барлық саласын қамтиды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті цифрландырудың сыбайлас жемқорлықты азайтуға, сондай-ақ, басқару буындары мен штат санын одан әрі оңтайландыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы полиция қызметін ғана емес, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің басқа да құрылымдарын реформалау қажеттігін айтты.
– Қылмыстық-атқару жүйесіне де маңызды өзгерістер енгізілетін болады. Зорлық-зомбылық жасаған қылмыскерлер басқа сотталушылардан бөлек ұсталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы көшелердегі және басқа да қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейін мейлінше төмендету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
– Адамдар өз болашағына алаңдамауға, қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қорғалатынына сенімді болуға тиіс. Азаматтардың жеке басы мен мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Полиция жұмысы тиімділігінің негізгі критерийінің мәні осында, – деді Мемлекет басшысы.