21 нау, 2019 сағат 11:17

Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мейрамына арналған шараға қатысты

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЭКСПО алаңында өтіп жатқан Наурыз мейрамына арналған іс-шараға қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Назарбаев пен Тоқаев ЭКСПО алаңындағы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументінің алдында орналасқан этноауылды аралап шықты. Тұңғыш Президент ұлттық шапан киіп келді. Ондаған киіз үй тігілген алаңға келген Назарбаев пен Тоқаевты танымал әнші Роза Рымбаева және "қазақ ауылының" тұрғындары əн-бимен, қойылыммен қарсы алды. 

Этноауыл аумағында театрландырылған көріністер, ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар, қолөнершілер көрмесі және ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шаралар ұйымдастырылды.

Мерекелік шараға Асқар Мамин, Әсет Исекешев, Нұрлан Нығматулин, Бердібек Сапарбаев, Күлəш Шəмшидинова, Арыстанбек Мұхамедиұлы мен басқа да министрлер жəне лауазымды тұлғалар қатысты.

Елбасы мен Қазақстан Президенті елорда қонақтарын және тұрғындарын, сондай-ақ барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бақ-береке тіледі.

Мұнымен қатар, Тұңғыш Президент жас жұбайларға бата беріп, аспанға ақ көгершіндер ұшырылды.