- Елорданың Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путиннің қатысумен Қазақстан мен Ресейдің XIII өңіраралық ынтымақтастық форумы өз жұмысын бастады.
Айта кетерлігі, форум аясында таңертеңнен бері екі елдің көлік-логистика әлеуетінің дамуы, туризм саласы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда саласындағы кедергілер мен шектеулерді жою және екі жақты ынтымақтастықтың өзге де өзекті мәселелері панельдік сессиялар барысында талқыланды. Мұнан бөлек, Forbes және Global-2000 тізіміне кіретін қазақстандық және ресейлік жетекші компаниялар басшыларының қатысуымен қазақстандық-ресейлік бизнес-форум өтті.
Форум қорытындысында жалпы сомасы 3 млрд. АҚШ доллары болатын 56 екіжақты құжатқа қол қойылады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бері өткізіліп келеді. Өткен жылғы форум Сочи қаласында «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақыбырында ұйымдастырылған болатын.
Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі саналады. 2015 жылдың қорытындысына сәйкес екі елдің арасындағы тауар айналымы 14,57 млрд. долларды құрады.