Нұрсұлтан Назарбаев «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің жетекшісі Дінзухра Тілендиеваны қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөзіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында мәдениет пен өнер саласына тұрақты түрде қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті.
– Сіздің әкеңізбен ұзақ жыл бойы жақсы таныс болдық. Академиялық деген атағы бар «Отырар сазы» оркестрі сол кісінің есімімен аталады. Кезінде бұл оркестрде 6 адам бар еді, қазір 66 музыкант жұмыс істейді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау ісінде фольклорлық-этнографиялық оркестрдің рөлі ерекше екенін айтты.
– Гастрольмен Францияға бардыңыздар, Астанада өнер көрсеттіңіздер. Халқымыздың музыкалық аспаптарын бүкіл әлемге танытып жүрсіздер. Төл өнерімізді дәріптеу мақсатымен Ұлттық домбыра күні де бекітілді. Оны мерекелеуге 1 мыңнан астам домбырашы қатысты. Мұның бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарына сай келеді. Сіз ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің ісін жалғастырып келесіз, сол үшін алғыс айтамын, – деді Елбасы.
Дінзухра Тілендиева ұлттық өнер саласын дамытуға зор мән беріп отырғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, елімізде жүзеге асырылып жатқан даму бағдарламаларын қолдайтынын айтты.