05 қар, 2019 сағат 15:56

Назарбаев отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Елбасы Түркістанға сапарының қорытындысы бойынша отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Журналистер алдында сөйлеген сөзінде қала аумағында қарқын алған құрылыс жұмыстарының ауқымын атап өтті, деп жазады elbasy.kz.

«Өткен жылы облыс орталығын көшіру туралы жарлыққа қол қойған соң ауқымды құрылысты бастадық. Бүгін мен орасан зор ғимараттарды аралап көрдім. Көптеген жаңа нысандар бой көтеріп, жастар үшін жұмыс орындары ашылып жатыр. Ауруханалар, мектептер, қонақ үйлер, халықаралық әуежай салынады. Су ресурстарымен қамту саласындағы мәселелерді шешу жоспарланған», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті әкімдіктің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары туралы айтты.

«Бір жыл ішінде көптеген жұмыс істелді. Келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшыларын саммитке шақыруды жоспарлап отырмыз. Егер олар қатысуды растаса, біз оны Түркістанда өткізуіміз мүмкін. Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала – бұл Қазақстанның байлығы. Елорданы салған кезде қаржыландыруға байланысты сұрақтар болған еді. Енді Нұр-Сұлтан қаласы барлық шығындарды өтеп, жыл сайын бюджетке триллиондаған кіріс әкеліп отыр», - деді Елбасы.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан мен бүкіл өңірдің туристік әлеуетін дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз мұнда көптеп туристерді тартуымыз керек. Бүкіл түркі әлемі Түркістанды орталық деп санайды. Туризм ­– экономиканың маңызды бөлігі. Мұнда көптеген мұражайлар бар. Қазір «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркін құру жұмыстары жүргізілуде», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.