09 қыр, 2016 сағат 13:58

Назарбаев облыс әкімдерін қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновті, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековті және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алтай Көлгіновпен кездесуде өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамыту, сондай-ақ, өңірдің экономикасын одан әрі әртараптандыру перспективалары қарастырылды.

А.Көлгінов Мемлекет басшысын өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ алдағы кезеңдегі өзекті міндеттер жөнінде хабардар етті.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен кездесуде облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және таяу кезеңдегі даму перспективалары қарастырылды.

Б.Бақауов Қазақстан Президентіне өңірдегі өнеркәсіптің өсу қарқыны, оның ішінде кен өндіру, металлургия және энергетика салаларындағы ахуал жөнінде баяндады.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді және ауыл шаруашылығы жерлерін суаратын ирригациялық  нысандарды одан әрі дамыту жөніндегі шаралар талқыланды.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековті қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында бүгінде өңір дамуында ерекше көңіл бөлуді қажет етіп отырған бірқатар өзекті бағыттарды атап көрсетті. Мәселен, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, өнеркәсіптік нысандарды дамыту және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Н.Әбдібеков Мемлекет басшысына өңірді дамытудың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, өзекті мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысы, сондай-ақ алдағы кезеңдегі жоспарлары жөнінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловпен кездесуде өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, оның ішінде ауыл шаруашылығы, өңдеу саласы, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдау жөніндегі міндеттердің орындалуын жалғастыруды тапсырды.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.