05 ақп, 2019 сағат 14:17

Назарбаев мерзімінен бұрын Президент сайлауы туралы мәлімдеме жасады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Конституциялық Кеңесіне жүгіну себебін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданған 1995 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Конституциялық Кеңеске 220, оның ішінде 22 президенттік жүгіну жіберілді. «ҚР Конституциялық кеңесі туралы» Заңға сәйкес Конституциялық Кеңес Конституцияны ресми түсіндіру құқығына ие. Заңнамада олқылықтардың болуы қалыпты құбылыс саналады. Мәселен, Конституцияда Президенттің ауысу шарттары айқындалмаған, сонымен қатар оның отставкаға ерікті түрде кету жағдайы қарастырылмаған. Әлемнің барлық конституцияларында мұндай норма бар. Бұл аспектінің үлкен өзектілігіне байланысты Конституциялық кеңеске осы қағиданы түсіндіруді өтіндім», - деді Елбасы Ақорда таратқан видеоматериалда.

ҚР Президенті бүгінде қоғамның сайлау мәселесіне қызығушылық танытып отырғандығын да атап өткен.

«Дегенмен бұл тақырыптың төңірегінде дүрбелең тудырудың қажеті жоқ. Ел Конституциясында, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлауларды өткізу тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі нақты жазылған. Конституция аясында Президенттің мерзімінен бұрын сайлау жариялауға құқығы бар. Бірақ, мұндай жағдай орын алмайды. Сондықтан тыныштық сақтап, күнделікті қызметпен айналысуды жалғастыра беру қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.