12 қар, 2019 сағат 11:29

Назарбаев: Менің кеткенім үшін халық қамыққанын білемін

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы биліктің ауысуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Билік транзиті туралы сұрақ жиі қойылып жүр. Менің мандатым 2020 жылдың соңында аяқталуы тиіс еді, бірақ мен осындай шешім қабылдадым. Неге? Оған не себеп болды? Ең алдымен, мен Президент лауазымын нағыз танымал шағымда қалдырдым. 2015 жылы сайлауда мен 96% дауыс жинадым. Менің кеткенім үшін халық қамыққанын білемін. Бірақ, бұл бірегей оқиға емес. Бір кездері Де Голль де лауазымынан бас тартқан, Ли Куан Ю, Махатхир мырзалар да өзі кеткен», - деді Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Astana club панельдік отырысында.

Ол совет кезінен бері Қазақстан басшылығында болғанын атап өтті.

«1984 жылы мені Қазақстан министрлері кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Содан бергі 35 жылда – КСРО ыдырауынан кейінгі ауыр жылдар бастан өтті, алып мемлекет қирады. Барлық байланыс үзілді, 2 миллион адам жұмыссыз қалды, электр қуаты жоқ, дүкенде нан мен сүт, шұжық жоқ. Мен Қазақстанды осы күйінде қабылдап алдым. Бұл жылдары ел экономикасы 20 есе көтерілді, халықтың әл-ауқаты 19 есе өсті. Біз әлем картасында болмаған мемлекетті құрдық. Қазір бұл мемлекет - әлем картасында бар және құрмет-беделге ие», - деді Елбасы.

Тұңғыш Президент барлық шекара бойынша достық ахуал орнағанын жеткізді.

«Шекараның 14,5 мың шақырым периметрі хатталған, шекарамыз айқындалған. Шекарасыз мемлекет бола ма? Картаға қарасаңыздар, солтүстікте Ресеймен 7 мың шақырым ортақ шекарамыз бар. Шығыста Қытаймен – 1600 шақырым, оңтүстікте Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстанмен – 4 мың шақырым шекарамыз бар. Мұндай ортада біздің көпвекторлы саясатымыз ешкімнің аумағына енбей, тең қарым-қатынас құруға негізделеді», - деді Н. Назарбаев.