Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Хельсинки қорытынды актісінің 45 жылдығына орай 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастық бойынша конференция өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik.
"Жақында Парижде Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар келіссөздер мен диалогтардың жоқтығынан басталғаны туралы айтылды. Менің ұсынысымның мәні – әлемдік державалар әрқашан адамзаттың болашағын ойлап әлемдік істерге аса жоғары жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әсіресе, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық одақ. Осы төрт тарап қазіргі заманда диалогтың жаңа форматын табуы тиіс", — деді мемлекет басшысы "Астана Клуб" пленарлық отырысының ашылуында.
Елбасы еске сала өткендей, АҚШ Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлттар Лигасын, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін БҰҰ-н құруға бастамашы болды.
"Мұның оңай емес екенін түсінемін, бірақ осы төрт тарап бас қосып, экономикалық, саяси, әскери және басқа да мәселелерді талқылауы үшін Астана алаңқайын ұсындым. Осы тұрғыда Қырғи-қабақ соғысы кезінде қабылданған 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңартқан жөн деп санаймын. Осы стратегиялық құжаттың қабылданғанына 45 жыл толғанда – 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастық бойынша конференция өткізуді ұсынамын", — деді Қазақстан президенті.
Назарбаев жаңа келісімді қабылдау процесі оңай болмайтынын мойындап, "кейбір ірі державалар көпжақты форматта емес, екі жақты тәртіппен жұмыс істегенді жөн санайтынын" атап өтті.
Сол себепті мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап қорытынды келіссөздерге дайындықты бастаған жөн деп санайды.
"Қазақстан болашақта мұндай шараны өткізуге дайын, өйткені біз осы жүз жылдықта бір-ақ рет болған ЕҚЫҰ саммитін өткіздік. Әлбетте, бұл жағдайда көп нәрсе әлемдік державалардың ұстанымына байланысты болады. Сол себепті әлемдік державаларды жаңа келісімге келу үшін бірігіп жұмыс істеуге шақырғымыз келеді", — деп түсіндірді ол.
Атап өтсек, ЕҚЫҰ мүше елдерінің мемлекет басшылары мен үкіметтерінің бірінші саммитінің қорытынды актісі 1975 жылы 1 тамызда Хельсинки қаласында қабылданған болатын. Құжатқа 35 мемлекет қол қойды, оған халықаралық-құқықтық, әскери-саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы мемлекетаралық келісімдер кіреді.