22 там, 2017 сағат 02:29

Назарбаев: "Елге танылған, дүниежүзіне мақтанышпен көрсетуге лайық есімдерді іріктеп алу қажет"

Мемлекет басшысы Хабар телеарнасына берген сұхбатында өзінің арнайы бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы туралы да пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Елбасы Тәуелсіздіктің 26 жылында елге танылған, дүниежүзіне мақтанышпен көрсетуге лайық талантты да талапты тұлғаларды іріктеп алу қажеттігін және оларға жан-жақты қолдау көрсетілуі керектігін ерекше атап өтті.

«Тәуелсіздіктің 26 жылдығына келе жатырмыз, осы 26 жыл ішінде елге танылған, мақтауға тұратындай, сыртқа шығарып көрсететіндей, ең үздік 100 есімді анықтау керек. Есімді шығаратын - адамның өз таланты, әрине. Екіншіден, сол талантты әлемге танытып, паш ететін жағдай болуы керек. Сондықтан, ондай тұлғаларымыз 100 болса да, 25 болса да, дүниежүзіне насихаттауға тиіспіз. Олардың шығармаларын шет тілдеріне аударып, ақпарат құралдарынан көрсетіп, «Міне, қазақта осындай тұлғалар бар, осындай шығармалар бар» деп мақтануға болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Елбасы рухани жаңғыру жұмыстарына ел болып, жұмыла кірісу қажеттігін де қадап айтты.

«Талай зиялылармен кездесіп жүргенде, олар көптен күткен мәселе еді деп айтты. Ал енді көптен күттік деп тағы да Астанаға қарап не айтар екен деп отырмай, әрқайсымыз осының төңірегінде жұмыс істеп, насихаттауымыз керек. Мен нақты қолға алып отырмын. Бұл негізінен жергілікті биліктің, әкімдердің қолында деп санаймын. Сол жерден басталуы керек те, әріге дейін жеткізуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан - біздің Отанымыз. Біздің басқа Отанымыз жоқ. Қазақтың Отаны - жалғыз Қазақстан. Мұның барлығы сол Отанды сүю, сол Отанды мадақтау, осы Отанды дүниежүзіне белгілі ету үшін жасалып отыр», - деді Президент.