04 шіл, 2018 сағат 10:06

Назарбаев Қазақстан халқын Астананың 20 жылдығымен құттықтады

Елбасы дәстүрлі түрде «Атамекен» этномемориалды кешені алаңында елдің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана күнін мерекелеу аясында Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. 

«Желбіреген көк туымыздың астында бүгін біздің елордамыздың жиырма жылдың мерейтойына арналаған барлық шараларды бастағалы отырмыз. Елордамыздың 20 жылдық мерекесімен шын жүрегімнен баршаларыңызды құттықтаймын. Биыл дәстүрлі мерекеміз Астанамыздың жиырма жылдығына тура келіп тұр. 20 жыл деген тарих үшін қасқағым сәт. Барша әлемде екі ғасырдың тоғысында ен далада қала салған жалғыз ел - ол Қазақстан», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Президент жиырма жылдың ішінде бүкіл Астанамыз Қазақстанды әлемге паш еткенін, елордада түрлі дүниежүзілік ұйымдардың жиналыстары өткізіліп жатқанын еске салып өтті.

«Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана - үш ұғымы бірдей. Біздің жалғыз Отанымыз бар - ол Қазақстан. Біздің орындалған арманымыз - ол Тәуелсіздік. Біздің ешбір елдің туына ұқсамайтын көк байрағымыз бар. Ол Бірікке Ұлттар Ұйымынан бастап, барлық шетелдегі елшіліктерде, үлкен шараларда желбіреп тұр. Біз жылда дәстүр бойынша Астанада Мемлекеттік туды көтеріп келеміз», - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы елдің жоғары әскери оқу орындарының 12 түлегіне офицерлік шен тапсырады.

«Дәл осы мезгілде әскери жоғары оқу орындарын бітірген жас ұландарға ең бірінші офицерлік шен тапсырғалы отырмыз. Менің ойымша, осы оқу орындарын тәмамдаған үздік жастарға офицерлік шенді тапсыра отырып, барлық әскери жоғары оқу орындарының жастарын шын жүрегімнен құттықтаймын. Бұл жас офицерлерге көп үміт артамыз. Отанымыздың тыныштығы, еліміздің шекарасының беріктігі, еліміздің тұтастығы Қарулы Күштердің қолында. Барлықтарыңызға сәттілік пен мықты денсаулық тілеймін», - деді Елбасы.