Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығы (WTCA) басқарма төрағасының орынбасары Рольф Драакпен және «Nest Investments HOLDINGS» компаниялар тобының корпоративтік қызметтер жөніндегі директоры Мехран Эфтехармен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар Қауымдастық пен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын, соның ішінде Қазақстанға әлемнің ірі корпорациялары мен қаржы институттарын тарту, еліміздің халықаралық іскерлік белсенділік орталығы ретіндегі рөлін арттыру, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесінің ғимараттар кешенін көрмеден кейінгі кезеңде пайдалану мәселелерін талқылады.
Халықаралық сауда орталықтарының қауымдастығы (WTCA) - жаһандық сауда мен инвестицияны дамытуға ықпал ететін халықаралық саяси емес ұйым. Дүниежүзілік сауда орталықтары өзара бір желі арқылы байланысқан және онда дәстүрге сай «Eni», «Лукойл», «Panasonic», «J.P. Morgan», «Bank of New York» және әлемнің басқа да ірі корпорацияларының офистері орналасқан.
Кездесу Брюссель қаласында Қазақстан - Еуропа бизнес-форумы алаңында өтті.