30 қаң, 2019 сағат 16:17

Назарбаев инвестиция тартуға қатысты: Бәрін Атамқұловқа артып қоймаңдар!

Елге инвестиция тарту жұмысын Үкімет мүшелері бір кісідей атқаруы керек. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Индустрияландырудың екінші бесжылдығы шегіне жетіп келеді. 1250 жобаның еліміздегі өнеркәсіпті дамытуда маңызды рөл атқарғанын білесіздер. Елдің үшінші жаңғыруы үшін жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 30 пайызын негізгі капиталға инвестициялауымыз керек. Соңғы жылдары бізде бұл көрсеткіш 20 пайыздың маңында болып қалды. ЖІӨ-дегі несиенің үлесі де төмен - 25 пайыз деңгейінде қалып отыр. Грузияда бұл көрсеткіш 58 пайызға, Ресейде 53 пайызға тең болса, бізде бар-жоғы - 25 пайыз. Бұл жерде мәселе нақты секторға салынған инвестицияның аздығында. Ұлттық банк бұл ретте белсенділік танытып, ең алдымен экономикалық өсімге атсалысуы керек», - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мен Ұлттық банк төрағасы Ақышевқа нақты сектордағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруда жүйелі шешім табуды тапсырды.

«Әр уақытта келісе жұмыс істеудің жетіспей жатқаны байқалады. Сендер әртүрлі Үкіметте жұмыс істейсіңдер ме, әлде бір елдің ішінде жұмыс атқарасыңдар ма? Айналаға «өз ісімді қатырсам болды, басқаларда шаруам жоқ» деген ұстаныммен қарауды қою керек. Сол себепті, мәселені нақты келісілген жұмыс арқылы шешкен жөн. Әлемде инвестициялар үшін қызу бәсеке қалыптасқан. Сол себепті, дамыған елдердің инвесторларына баса маңыз бере отырып, инвестиция тартудың кешенді экожүйесін қалыптастыру міндеті қойылып отыр», - деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Сыртқы істер министрі қызметіндегі Бейбіт Атамқұловқа мекемелерден әкімдікке дейінгі жұмысты үйлестіру міндеті беріліп отырғанын атап өтті.

«Бірақ, бұл жұмыспен тек сол ғана (Атамқұлов - авт.) айналысуы керек деп ойлап қалмаңдар. Бұл - бүкіл Үкіметтің ортақ міндеті. Ал ол өз мүмкіндіктерін елшіліктер арқылы қолданады. Бәрі де жұмыс істеуі керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.