Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованы қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына Есеп комитетінің 2018 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы баяндалды.
Нұрсұлтан Назарбаев Есеп комитетінің тарапынан бюджет қаражатына үнемі бақылау жүргізіліп, оның тиімді игерілуіне мұқият талдау жасаудың маңыздылығын атап өтті.
– Есеп комитетінің негізгі міндеті – мемлекеттік бюджеттің тиімді жұмсалуын қадағалау. Бақылау ісінен аудитке көшуге байланысты сіздердің алдарыңызда жаңа міндеттер тұр, – деді Елбасы.
Есеп комитетінің төрайымы республикалық бюджеттің тиімді жұмсалуына аудит жүргізу барысы және осы саладағы әлемдік тәжірибені зерттеу нәтижелері жөнінде мәлімдеді.
– Біз тиімділік аудитіне көшу жұмыстарын жалғастыра береміз. Былтыр жалпы сомасы 430 миллиард теңге көлемінде тәртіп бұзушылық жасалғаны анықталды. Егер бухгалтерлік есепсіз нақты қаржылық тәртіп бұзушылықты есептесек, оның мөлшері 16 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 70 миллиард теңге болған еді. Осылайша, қаржылық тәртіптің жақсара түскені байқалады, – деді Н.Годунова.
Есеп комитетінің төрайымы мемлекеттік және салалық бағдарламалар бюджетінің тиімділігіне жүргізілген бағалау нәтижелері жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ, жалпы экономикалық және қаржылық жоспарлау сапасын арттыру үшін Үкіметпен бірлесіп қабылдаған шаралар туралы баяндады.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Есеп комитетіне «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтылған әлеуметтік бағдарламалар мен бастамалардың жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.