Қазақстан Президенті Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен дамудың алдағы перспективалары жөнінде баяндалды.
Нұрсұлтан Назарбаев осы өңірдің маңызы зор екенін атап өтіп, газбен қамту мәселесіне, сондай-ақ Теміртау қаласының экологиялық жағдайына айрықша тоқталды.
Облыс әкімі Елбасыға Жолдауда айтылған тапсырмаларды іске асыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.
– Сіздің еңбекақы мөлшерін көтеру жөніндегі бастамаңызды облыстағы барлық ұйымдар қолдады. Бұл биылғы 1 қаңтардан бастап 220 мыңнан астам жұмысшының жалақысын 14 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, негізгі коммуналдық қызметтерге қатысты тарифтер 5-11 пайызға төмендейтін болады, – деді Е.Қошанов.
Соңында Елбасы өңірді одан әрі өркендету, соның ішінде Қарағанды қаласының құрылысына қатысты мәселелер жөнінде бірқатар тапсырма берді.